Негізгі Жаңалықтар Құрылысшылар күні

Құрылысшылар күні

Осы жексенбі қазақстандық құрылысшылар кәсіби мерекесін атап өтеді. Айтулы күн қарсаңында арнамыздың түсірілім тобы Павлодардағы ондаған тұрғын үйді өз қолдарымен тұрғызған жандардың жұмысымен жақынырақ танысты. Заманауи көпқабатты ғимаратты салуға қанша уақыт қажет және құрылысшылар қандай қиындықтармен бетпе-бет келеді? Алдағы сюжеттен көрейік.


Құрылысшылардың айтуынша, бұл мамандықта ешқандай құпия жоқ. Бастысы — тәжірибе, жауапкершілік және технологиялық талаптарды қатаң сақтау. Құрылыс алаңындағы кез келген қателік ауыр салдарға әкеп соғуы мүмкін, сондықтан мұнда мұқият болу, тәртіп пен командамен жұмыс істей білу өте маңызды. Өйткені әрбір салынған ғимарат — ондаған адамның үйлесімді еңбегінің нәтижесі.

Жәнібек Жомартов, «Жәрдем» ЖШС құрылыс учаскесінің бастығы

Жұмыстың барлығы ретімен, кезең-кезеңмен атқарылады. Алдымен ғимаратты тұрғыза бастаймыз, соңынан электршілер мен сантехниктер келіп, өз міндеттерін атқарады. Олардың соңынан әрлеушілер кірісіп, қабырғаларды сылап, тегістеп, сырлау жұмыстарын жүргізеді. Терезелер мен есіктер қойылып, ағаш ұсталары мен монтажшылар іске кіріседі. Ал кірпіш қалаушылар ішкі қабырғалар мен аралықтарды көтереді. Олардан кейін электршілер келіп, сымдарды тартып, электр жүйесін монтажтайды. Электр жұмыстары біткен соң сылақшылар кіріседі, ал сылақтан кейін сантехниктер су мен жылу құбырларын жүргізіп, радиаторларды орнатып шығады. 

Жәнібек Жомартов ¬— құрылыс саласында он алты жылға жуық тәжірибесі бар маман. Ал соңғы тоғыз жылдан бері аймақтағы ірі құрылыс компанияларының бірінде жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде ол әріптестерімен бірге Павлодардың жаңа шағын аудандарында зәулім көпқабатты үйлерді тұрғызып келеді. Қазір мыңдаған отбасы бақытты ғұмыр кешіп жатқан он бес тұрғын үй кешені дәл осы азаматтың қатысуымен салынды.

Жәнібек Жомартов, «Жәрдем» ЖШС құрылыс учаскесінің бастығы

«Алғашқы нысаным — Сарыарқа шағын ауданындағы Шөкин көшесінде орналасқан панельді үй. Ал учаске бастығы ретінде құрылысты басынан аяғына дейін толық өз бақылауымда ұстаған бірінші үлкен жұмысым — авиақалашық. Бүгінде бұл екі қабатты коттедждер толықтай қоныстанған, ал тұрғындар өздерінің баспанасына дән риза. Бір үйді салуға бір жарым-екі жыл уақыт кетеді. Бұл бізге ғана байланысты емес, түрлі фактор әсер етеді, соның ішінде ауа райы жағдайлары да бар. Қиындыққа келетін болсақ, ерекше ауыр нәрсе жоқ, тек ауа райы қолайсыздық тудырады. Қыстың аязында да, жаздың аптап ыстығында да сыртта еңбек ету оңай емес. Сондықтан мұндай кездері жұмыс кестесін ыңғайластырамыз. Мысалы, күндіз қатты ысып кетсе, жұмысшылар таңертең ерте шығып, түскі уақытта тынығады да, күн салқындай бастағанда кешірек қайта жұмысқа кіріседі.» 

Кейіпкеріміздің сөйінше, жұмыстағы ең басты ұстаным — сапа. Құрылысшылар тек ғимарат тұрғызып жатпағанын, мыңдаған отбасының болашақ баспанасын жасап жатқанын жақсы түсінеді. Сондықтан әрбір ұсақ-түйекке аса мұқият қарап, үлкен жауапкершілік танытады. Себебі сапалы атқарылған жұмыс —тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігінің кепілі.


Жұлдыз Қабылденова



Бөлісу