Сайлауға Дайындық
Павлодарда Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортниктің облыстағы мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесуі өтті. Онда сайлау күні қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ ұйымдастыру жұмыстары талқыланды.
Кездесуде ең алдымен өңірдегі сайлаушылар саны нақтыланды. Облыста 500 мыңнан астам азаматтың дауыс беру құқығы бар. Бұдан бөлек, халықты алдағы сайлау туралы ақпараттандыру және сайлау учаскелерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Руслан Мұқанов, Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы
Құрылтай депутаттарының сайлауына 522 сайлау учаскесі қатысады. Олардың барлығы материалдық-техникалық құралдармен толық қамтамасыз етілген. Жалпы, барлық мәселе бақылауда. Облыс Құрылтай депутаттарының сайлауын өткізуге дайын.
Жиында прокуратура мен құқық қорғау органдарының өкілдері де баяндама жасады. Олар сайлау қарсаңында және дауыс беру күндері қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Ал төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері сайлау учаскелерінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін тексеру барысын баяндады.
Әсет Сердалин, төтенше жағдайлар департаменті басшысының бірінші орынбасары
Департаменттің күштері мен құралдары сайлау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дайын. Қазіргі уақытта 134 сайлау учаскесі тексерілді. Анықталған кемшіліктердің барлығы сол жерде жойылды. Қалған учаскелерді тексеру 14 тамызға дейін аяқталады.
Кездесуде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мамандардың айтуынша, олардың дауыс беруге толыққанды қатысуы үшін қажетті жағдай жасалған. Сайлау учаскелерінде кедергісіз орта қалыптастырылған.
Самал Қадырова, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы
Павлодар облысында 30 мың мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады. Оның 25 мыңы – кәмелет жасына толғандар. Үш мыңға жуық адамға дауыс беруге қатысу үшін арнайы жағдай қажет. Облыстағы барлық сайлау учаскесі кедергісіз орта элементтерімен жабдықталған. Дауыс беру құпиясын сақтау үшін де қажетті жағдай жасалған.
Жиын соңында Михаил Бортник жергілікті мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді. Негізгі мақсат – сайлаудың тыныш әрі ұйымдасқан түрде, ешқандай кедергісіз өтуін қамтамасыз ету.
Михаил Бортник, орталық сайлау комиссиясының мүшесі
Бүгін біз сайлау күні құқықтық тәртіпке, өрт қауіпсіздігіне және басқа да ұйымдастыру мәселелеріне жауап беретін мемлекеттік органдардың өкілдерімен кеңес өткізіп жатырмыз. Сайлау күндерінің жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз етуіміз керек. Өйткені бұл күн тарихта қалатыны сөзсіз.
Еске сала кетейік, Құрылтай депутаттарының сайлауы 23 тамызға белгіленген. Жалпыға бірдей дауыс беру арқылы қазақстандықтар партиялық тізім бойынша бес жыл мерзімге 145 депутатты сайлайды.
Дильназ Қуанышбекқызы