Қазақстан жаһандық көлік бағыттарының маңызды бөлігіне айналуда
Қазақстан жаһандық көлік бағыттарының маңызды бөлігіне айналуда: ел теміржол және автомобиль инфрақұрылымын кеңейтіп, транзит мерзімін қысқартып, негізгі дәліздердің өткізу қабілетін арттыруда. Бұл өзгерістерге халықаралық қызығушылық та артып келеді. Бірқатар шетелдік бірқатар басылым Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға арналған мақалалар жариялады. Мәселен, Time Business News және MSN авторлары Қазақстанның жолдарға, теміржол желілеріне, порттар мен әуежайларға бағытталған ауқымды инвестициялары елдің Еуразияның көлік картасындағы рөлін күшейтіп жатқанын атап көрсетті. Төменде басылымдар келтірген негізгі тұжырымдар ұсынылып отыр:
«Бейнеу-Сексеуіл» магистралі – Қытай мен Еуропаны байланыстыратын «алтын» көпір
Қазақстанда құрылысы биыл тамыз айында басталған «Бейнеу-Сексеуіл» автомагистралі пайдалануға берілгеннен кейін Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау қашықтығы 1 мың шақырымға, ал жеткізу мерзімі үш күнге дейін қысқарады. Time Business News басылымы бұл магистраль құрылысының басталуын Қазақстанның көлік саласын дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясын іске асырудың жаңа кезеңі деп атап өткен.
Тамыз айының басында Қазақстанда ел Президентінің рұқсат беруімен бірден бірнеше ірі автомагистральдың құрылысы басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, «Бейнеу-Сексеуіл» трассасы өңірлер арасындағы байланысты қамтамасыз етіп қана қоймай, негізгі халықаралық көлік дәлізіне айналуы мүмкін. Авторлардың пікірінше, бұл – Транскаспий халықаралық көлік бағытын нығайтуға бағытталған маңызды жоба.
Басылым Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бейнеу-Сексеуіл» автомагистралін Қытай мен Еуропа арасындағы «алтын көпір» деп атаған сөзін келтіреді. Ол Қытаймен шекарадағы өткізу пункттерін Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық порттарымен тікелей байланыстырады.
Қазақстан Қытаймен әлемдегі ең ұзын үздіксіз құрлық шекарасына ие және Каспий теңізіне тікелей шыға алады. Осы арқылы ел 3 млрд-тан астам адамнан тұратын нарықтарды байланыстырады. Автомагистраль құрылысы аяқталғаннан кейін жүк тасымалдау қашықтығы шамамен 1 мың шақырымға қысқарып, жеткізу мерзімі үш күнге дейін азаяды.
Жеті жылда ТКХБ арқылы жүк тасымалдау көлемі бес есеге өсті
Соңғы жеті жылда Қазақстан көлік инфрақұрылымына шамамен $35 млрд инвестиция салды. Бұл қаражат теміржол және автомобиль жолдарын салуға, порттар мен авиациялық инфрақұрылымды, шекаралық өткелдер мен цифрлық логистикалық жүйелерді дамытуға бағытталды.
Әлемдік өндірушілер мен логистикалық компаниялар балама әрі әртараптандырылған сауда бағыттарын белсенді түрде іздей бастаған тұста, Орта дәліз болашағы зор балама бағыттан Азия мен Еуропаны байланыстыратын ең қарқынды дамып келе жатқан құрлықтық маршруттардың біріне айналды, деп атап өтеді MSN.
Соңғы жеті жылда Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТКХБ) бойынша жүк тасымалдау көлемі 4,5 млн тоннаға жетіп, бес есеге артты. Бұл көрсеткіш ТКХБ-ның жаһандық логистикадағы рөлін нығайтты.
Осыдан бірнеше жыл бұрын халықаралық экспедиторлық компаниялар Орта дәлізді өткізу қабілеті шектеулі бағыт ретінде қарастырған болатын. Алайда оған қатысушы елдердің күш-жігерін үйлестіру бұл көзқарасты түбегейлі өзгертті. Халықаралық көлік секторының бағалауына сәйкес, соңғы жеті жылда дәліз арқылы жүк тасымалдау көлемі бес есеге өсіп, 2025 жылы 4,5 млн тоннадан асты, ал контейнерлік тасымал көлемі шамамен 77 мың TEU-ға жетті. Стратегиялық мақсат – бұл көрсеткішті 2029 жылға қарай 300 мың TEU-ге дейін жеткізу.
Шекаралық өткелдерде «бір терезе» қағидатын енгізу және тасымалдаудың барлық кезеңін қамтитын цифрлық шешімдер Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүктерді жедел жеткізуге мүмкіндік береді.
2025-2026 жылдары Қытаймен шекарадағы «Достық» стансасынан Грузияның Қара теңіз порттарына контейнер жеткізу уақыты орта есеппен 11-13 күнді құрады. Жеткізу жылдамдығы бойынша мұны Суэц каналы арқылы теңіз тасымалдарымен салыстыруға болады, сонымен қатар жүктерді жеткізудің болжамдылығы мен сенімділігін арттырады.
«Достық-Мойынты» желісінің екінші жолын іске қосу арқылы жүк пойыздарының жылдамдығы 87,5%-ға артады
Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға қатысты мақалада Time Business News журналистері теміржол инфрақұрылымын ауқымды жаңғыртуға ерекше назар аударған. Мәселен, өткен жылы құны $1 млрд-тан асатын жоба аяқталды. Атап айтқанда, ұзындығы 836 шақырым болатын «Достық-Мойынты» магистральдық желісінің екінші жолы салынды. Оның іске қосылуы бағыттың өткізу қабілетін тәулігіне 12 пойыз жұбынан 60 пойыз жұбына дейін арттырып, Қытаймен шекарадағы транзиттік тасымал үшін анағұрлым кең мүмкіндіктер ашты. Жүк пойыздарының тәулігіне орташа жүріп өту жылдамдығы 800-ден 1 500 шақырымға дейін, яғни 87,5%-ға артады.
Сол кезеңде Алматы стансасын айналып өтетін ұзындығы 75 шақырым теміржол желісі де пайдалануға берілді. Бұл жобаның мақсаты – жүк ағынын мегаполистің теміржол торабын айналып өтетін бағытқа бұру. Бұл транзиттік тасымал уақытын 24 сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Қытаймен шекара арқылы өтетін «Аягөз-Бақты» бағыты бойынша ұзындығы 300 шақырым болатын үшінші теміржол өткелінің құрылысы транзит көлемін бірнеше миллион тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.
«Қорғас – Шығыс қақпасы» құрғақ порты да маңызды рөл атқарады. Контейнерлік алаңдарды кеңейтіп, басқарудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу нәтижесінде оның қабылдау, тиеп-түсіру, жөнелту бойынша жалпы жүк көлемі 372 мың TEU-ға жетті. Бұл нысанның Орталық Азиядағы ең ірі құрғақ порт және Қытай мен Қазақстанның теміржол желілерін түйістіретін маңызды көлік торабы ретіндегі орнын нығайтты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи логистика озық цифрлық шешімдерді талап ететінін бірнеше рет атап өтті. Осыған байланысты көлік экожүйесін толық цифрландыру жұмыстары әлемнің озық тәжірибесіне сәйкес жүргізілуде.
Time Business News: Қазақстан ұлттық жол инфрақұрылымын қалыптастыруда
Маңызды кезеңдердің бірі – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің Қазақстан аумағындағы 2 787 шақырым учаскесін ауқымды реконструкциялау болды. Қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың бірі – «Жезқазған-Қарағанды» трассасын жаңғырту. Жобаның жалпы құны $1,529 млрд-қа бағаланады. Оның ішінде $650 млн-ын Дүниежүзілік банк пен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі инвестициялайды. Қазақстан жобаға шамамен $228,8 млн бағыттайды. «Жезқазған-Қарағанды» трассасын жаңғырту 498 шақырым жолды реконструкциялауды және екі жолақты трассаны төрт жолаққа дейін кеңейтуді көздейді. Жолды бірінші санатқа ауыстыру Қытай шекарасынан Қазақстанның батыс шекарасына дейін жүк тасымалдау уақытын 11 күннен 5 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Дүниежүзілік банктің мәліметінше, 1 600 шақырымнан астам сапасы жоғары жолдың салынуы Қазақстанда жаңғыртылған учаскелердегі жол жүру уақытын шамамен 67%-ға қысқартуға мүмкіндік берді. Қозғалыстың орташа жылдамдығы 25-тен 80 шақырым/сағатқа дейін артса, жол пайдаланушылардың шығындары 35%-ға төмендеді.
Бұл ретте көлік дәлізі коммерциялық тасымалдар көлемінің өсуіне ықпал етіп қана қоймай, «Орталық-Оңтүстік» дәлізінің және жаңғыртылып жатқан «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізінің учаскесі сияқты басқа да маңызды бағыттармен байланысады.
Қазақстан жүк және азаматтық авиация үшін әуе хабына айналуда
2025 жылы отандық әуе тасымалдаушылары 15 млн-нан астам жолаушы тасымалдады. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен шамамен 5%-ға жоғары. Жалпы, еліміздің әуежайлары 32 млн-ға жуық жолаушыға қызмет көрсетті.
MSN авторлары Қазақстандағы әуе тасымалдары секторының тұрақты дамып келе жатқанын атап өтеді. Қазақстандағы әуе тасымалдары секторы тұрақты дамып келеді. Алматы әуежайының жаңа халықаралық жолаушылар терминалы пайдалануға берілді, ол енді жылына 14 млн жолаушыға дейін қабылдай алады. Келесі жылы Астана қаласының авиациялық инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары басталады. Соның нәтижесінде алдағы бірнеше жылда Астана әуежайының өткізу қабілеті жылына 12 млн жолаушыға дейін артады. Сонымен қатар туризмді дамыту және көлік қолжетімділігін арттыру мақсатында өңірлерде әуежайлар салынуда.
Жүк тасымалына келетін болсақ, өткен жылы еліміздің әуежайлары арқылы 173,3 мың тонна жүк қабылданып, жөнелтілді. Жүк қабылдау, жөнелту мүмкіндігін арттыру үшін Қазақстан әлемнің жетекші жүк әуе компанияларын тартуда. Олардың қатарында Cargolux Airlines International және Pacific Cargo бар. Сонымен қатар елімізде әлемнің 10-нан астам ірі әуе жүк тасымалдаушысы жұмыс істейді.
Тағы бір маңызды бағыт – «ашық аспан» режимін кеңейту. Бұл тағы да шетелдік әуе тасымалдаушыларды тартуға, халықаралық бағыттардың санын арттыруға және Қазақстан әуежайларының транзиттік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді. Қазақстанның негізгі артықшылықтарының бірі – авиациялық отын бағасының тиімділігі. Бұл өз кезегінде транзиттік жолаушылар мен жүк ағындарын елге тартуға ықпал етеді. 2026 жылы халықаралық бағыттар желісін 30 ел бойынша 135 бағытқа дейін кеңейту жоспарланған. Салыстыра кетсек, 2024 жылы 115 бағыт болған.
Каспий порттарының жылдық өткізу қабілеті 21 млн тоннадан асты
Time Business News елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға арналған мақаласында жекелеген инфрақұрылымдық жобалардан интеграцияланған мультимодальды көлік экожүйесін құруға көшуді Қазақстан дамуының қазіргі кезеңінің басты ерекшелігі деп атап өткен.
2025 жылы «Ақтау» портында контейнерлік хаб салынды. «Құрық» портында теңіз түбін тереңдету жұмыстары аяқталып, көтергіш эстакада жаңғыртылды. Бұл жобаларға Еуропалық қайта құру және даму банкі ондаған миллион еуро көлемінде белсенді инвестиция салды.
Жалпы алғанда, Қазақстанның Каспийдегі порттарын кеңейтуге бағытталған жұмыстар олардың контейнерлік қуатын үш есеге арттырып, жалпы өткізу қабілетін екі есеге ұлғайтуға мүмкіндік береді.
жаңғырту және кеңейту Әзербайжан мен Грузияның Баку портын жаңғырту және «Баку-Тбилиси-Карс» теміржолының өткізу қабілетін арттыру жөніндегі жоспарларымен тығыз байланысты. Бұл жүктердің Түркияға және одан әрі Еуропаға үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) мәліметінше, Қазақстан бүгінде Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы өтетін жүк транзитінің шамамен 83%-ын қамтамасыз етеді. Бұл елімізді қалыптасып келе жатқан Еуразиялық көлік байланысының негізгі буындарының біріне айналдырады. Алайда бұл – ауқымды ұзақ мерзімді стратегияның бір бөлігі ғана. Қазақстанның 2030 жылға дейінгі көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасы негізгі көлік дәліздері бойында орналасқан серіктес қалаларда мультимодальды логистикалық орталықтар желісін құруды, сондай-ақ маңызды теміржол желілерін одан әрі электрлендіруді көздейді.