Негізгі Жаңалықтар Абай мұрасы – мәңгілік

Абай мұрасы – мәңгілік

10 тамыз — Абай Құнанбайұлының туған күніне орай С.үлтан махмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапханада хакім, ойшыл, қаламгердің шығармашылық мұрасын насихаттауға арналған симпозиум өтті. Іс-шара барысында ұлы тұлғаның бай шығармашылық мұрасы жан-жақты сөз болды. Толығырақ — алдағы сюжетте.


Тағылымды іс-шарада Абай Құнанбайұлының шығармашылығы мен философиялық ойларына қатысты ғылыми зерттеулер көпшілікке ұсынылды. Алдымен белгілі ғалым, профессор Серік Негимовтің «Абайдың даналық өнегесі» атты бейнебаяндамасы көрсетілді. Кейін Семей қаласынан келген арнайы қонақ Жаңылгүл Манжибаева сөз сөйлеп, облыстық кітапхана қорына бірнеше кітап тарту етті.

Жаңылгүл Манжибаева, Абай атындағы облыстық ғылыми кітапхананың бөлім басшысы 

«Абай атамыздың туған күніне арнайы сирек кітаптар көрмесімен келіп отырмын қатысуға. Осы Павлодар өңірінің жұртшылығын Абай атамыздың көзі тірісінде... осы кемеңгер ақын, ойшыл, ағартушы, қазақтың бас ақыны кезінде Ахмет Байтұрсынұлы атамыз айтып кеткен — осы тұлғаның көзі тірісінде жазылған ол туралы дереккөздерді және Абай оқыған сирек қазыналарды көпшілік қауым танып-білсін деп Павлодар өлкесін оқырманына кеңінен насихаттау — міндетіміз.» 

Астерхан Сәрсенбаева бұл жиынға Алматыдан келді. Ол Абайдың әндерін қазақ және орыс тілдерінде ғана емес, ағылшынша да шебер орындайды.

Астерхан Сәрсенбаева, ардагер ұстаз 

«Мен, шетел тілдері институтының студенті, Украинада — Горловка қалаыснда студенттер слетында болдым. Сонда Абайдың «Көзімнің қарасын» үш тілде орындап едім. Жақында Лос-Анджелес қаласында Алматыдан әжелер барып, шағын концерт бердік. Сол кезде осы Абайдың өлеңін тыңдаған кезде, қазақ әулеттері, қазақ диаспорасы — бәрі тікесінен тік тұрды.» 

Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың ұлы ақынның өсиеттерін терең түсініп, кеңінен тануына жол ашады. Абай мұрасына деген жастардың қызығушылығы жоғары екенін бұл кешке қатысқан 5512 әскери бөлімінің сарбаздары да айқын көрсетті.

Дидар Қайыржан, 5512 әскери бөлімінің мерзімді қызмет әскери қызметшісі

«Біз, 5512 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшілері, осы С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханаға Абайдың 181 жылдығына байланысты өлеңдерін, шығармаларын арнап келіп тұрмыз. «Адамның өзі өлгенімен, аты, заты өлмейді» демекші, Абайдың өлеңдері, шығармашылығы, қара сөздері әлі күнге есімізде, әлі күнге айтып келе жатырмыз.» 

Іс-шара бағдарламасы тек баяндамалармен шектелмеді. Облыстық кітапханаға жиналған қауым Абайдың өлеңдері оқып, әндерін бірге шырқады. 


Жұлдыз Қабылденова


Бөлісу