Павлодардағы №1 аурухананы жаңғыртудың бірінші кезеңі аяқталды
Өңір басшысы Асайын Байханов Павлодар қалалық №1 ауруханасында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Мұнда ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары екі кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде медициналық ғимараттың негізгі бөлігі жаңартылып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылды. Енді аурухананы жаңғыртудың екінші кезеңіне дайындық жүріп жатыр.
Павлодар қалалық №1 ауруханасы 1980 жылы салынған. Ғимараттың жалпы аумағы 20 мың шаршы метрден асады. Қазір медициналық мекеме 394 төсек-орынға шақталған. Ауруханада хирургиялық бағыттағы 9 бөлімше, терапиялық бағыттағы 4 бөлімше және диагностикалық-емдеу қызметтеріне арналған бөлімдер жұмыс істейді. Нысанды қайта жаңғыртудың алғашқы кезеңі 2022 жылы басталған. Оған 12,3 миллиард теңге бөлінді.
Нұрлан Жұмажанов, Павлодар қалалық №1 ауруханасының бас дәрігері
Бірінші кезең аясында аурухананың 13 мың шаршы метр аумағы қайта жаңғыртылды. Оған клиникалық бөлімдер, жеті қабатты блок және біз қазір тұрған негізгі бөлім кіреді. Бұл – аурухананың жүрегі. Мұнда 11 операциялық зал, оның ішінде гибридті операциялық зал бар.
Жаңғырту барысында ғимараттың инженерлік инфрақұрылымы да жетілдіріліп, медициналық жабдықтардың басым бөлігі жаңартылды. Ауруханада мыңнан астам заманауи құрал-жабдық бар. Олардың барлығы бір жүйе ретінде жұмыс істеуі үшін техникалық мәселелерді кезең-кезеңімен шешу қажет. Өңір басшысы операциялық блоктың жұмысымен танысып, медициналық құралдарды тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
Ең маңыздысы, осындай жабдық-құралдарға қаражатан алғаннан кейін барлық дәрігерлерді оқыту керек. Негізгі құралдарды алу мәселе емес қой, ең басты мәселе оны қолдана білетін мамандар керек. Сондықтан, дәрігерлерге керекті оқу тіпті шетелеге жіберетін болсаңыздар, біз оған қаражатты міндетті түрде бөлу керекпіз. Өйткені біздің аудандарда қалай, құрал-жабдықтар бар, бірақ оларда не тәжірибе жоқ, не білім жоқ. Қарапайым ота жасайды, күрделі операция жасай алмайды. Сондықтар олар қалаға келеді. Тіпті міне тіс емдеуге де қалаға келеді. Ауылдарда өйткені маман тапшылығы бар.
Ауруханадағы жаңартылған палаталар да назардан тыс қалған жоқ. Отадан кейінгі науқастарға жайлы жағдай жасау үшін жаңа функционалды кереуеттер орнатылған. Олардың биіктігі мен бірнеше бөлігінің қалпы реттеледі. Сонымен қатар, ортопедиялық матрастар қарастырылған. Ал қайта жаңғыртудың екінші кезеңіне қатысты жоба 2024 жылы әзірленген.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
Қазіргі талаптарға сәйкес, құрылыс кодексінің талаптарына сәйкес, әр жоба мемлекеттік сараптамадан өткен уақыты бір жылға ғана жарамды болады. 1 жылдан асып кетсе, қайтадан жаңартуды талап етеді. Сол себептен, қазір біз бұл жұмысты жүргіземіз. Өздеріңіз естідіңіздер, бұл жұмысты баяндады. Бұл жұмыстарды қараша айының 15 дейіне аяқтауға тырысамыз. Қазір жабдықтардың жалпы тізімін өткізеді сараптамадан, құны бойынша да сараптамадан өтуі керек. Олардың анықтамасы керек. Соның бәрі қараша айының 15 дейін өтсе, жұмысты бірден бастаймыз деп көздеп отырмыз.
Жалпы екінші кезең аясындағы жұмыстарды 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Негізгі мақсат – аурухананың материалдық-техникалық базасын жаңартып қана қоймай, заманауи медициналық жабдықтарды толыққанды пайдалана алатын білікті мамандардың жұмысын қамтамасыз ету.
Сабина Жолдаспаева