Қазақстанда сайлау жасындағы 325 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат бар
Қазақстанда сайлау жасындағы 325 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат бар. Олардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау үшін елдегі сайлау учаскелерінің қолжетімділігі тексеріліп жатыр. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Қазір әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділік картасына 9 мың 15 сайлау учаскесі енгізілген. Олардың барлығы мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімділігі тұрғысынан тексерілген. Мониторинг нәтижесінде 1 мың 333 учаскеде қосымша бейімдеу жұмыстарын жүргізу қажет екені анықталды. Бұл бағыттағы жұмыс дауыс беру күніне дейін жалғасады. Мүгедектігі бар азаматтар үшін сайлау учаскесінің қолжетімді болуы – тек кіреберісте пандустың болуымен шектелмейді. Азамат учаскеге өздігінен және кедергісіз кіріп, ғимарат ішінде еркін қозғалып, дауыс беруге қажетті құралдарды пайдалана алуы керек. Қазақстанда сайлау жасындағы 325 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат бар. Олардың қатарында тірек-қимыл жүйесінде, көру және есту қабілетінде ерекшеліктері бар, сондай-ақ кресло-арбамен жүріп-тұратын адамдар бар. Дауыс беру күні жергілікті атқарушы органдар инватакси қызметінің жұмысын қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар азаматтар өздерінің сайлау учаскесінің қолжетімділігі және онда қарастырылған мүмкіндіктер туралы алдын ала ақпарат алады. Қажет болған жағдайда сайлаушы өзі таңдаған адамның көмегіне жүгіне алады. Ал денсаулық жағдайына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтар заңнамада белгіленген тәртіппен дауыс беру мүмкіндігіне ие.