Жастардың жарқын мерекесі
Халықаралық жастар күніне орай Екібастұз қаласында да ауқымды жастар фестивалі ұйымдастырылды. Іс-шара барысында қаланың белсенді жастары марапатталып, көпшілік мерекелік концерт пен «Жайдарман» ойынын тамашалады.
Екібастұздағы «Кеншілер» саябағы ерекше мерекелік атмосфераға бөленді. Бірнеше жыл қатарынан дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Жастар Фест» фестивалі бұл жолы да жалғасын тапты. Кеш аясында жастарға арналған интерактивті алаңдар жұмыс істеп, мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Еркін Құсан, Екібастұз қаласы жастар бастамаларын дамыту орталығының басшысы
«Жалпы аталмыш шара қала әкімдігінің қолдауымен өткізілуде және бұл шара үш жылдан бері белсенді өткізіліп келе жатыр. Біз осыған дейін осы халықаралық жастар күніне орай үздік жастарымызды марапаттаған да болатынбыз. С. Торайғыров атындағы жастар белгілін бүгін марапаттап тастадық. Біз қазір концертті тек жастардың кешкілік вайбы есебінде өткізетін боламыз. Сонымен қатар осы фестиваль аясында дармарка өткізілуде және жастарға арналған мүмкіндіктер алаңы кеңес беруі өткізілуде.»
Концертті екібастұздық өнерпаздар бастап берді. Бұл алаң талантты жастарға үлкен сахнада, көпшілік алдында өз қабілеттерін паш етуге тамаша мүмкіндік болды.
Хедлайнерлердің бірі — ALZaBI тобы. Көрермен оларды ыстық ықыласпен қарсы алды. Өнерпаздар екібастұздық жастарды мерекемен құттықтап, өздерінің танымал әндерін орындады.
Кештің басты жұлдыздары 6ELLUCCI тобы болды. Саябақта жиналған жұрт сүйікті әндерін орындаушылармен қосыла шырқап, естелік суреттерге түсіп жатты.
Мереке аясында «Жайдарманның» жазғы кубогы ойыны өтті. Тартысты сайысқа екібастұздық әзілкештермен қатар Павлодар, Қарағанды, Астана қалалары мен Баянауыл ауданынан келген командалар қатысып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ал фестиваль соңы думанды би кешімен түйінделді.
Жұлдыз Қабылденова