Кітап жаңа оқырманын іздейді
Павлодарда кітап алмасу жәрмеңкесі өтті. Онда қала тұрғындары оқып болған кітаптарын әкеліп, орнына өзіне ұнаған басқа басылымды алып кете алды. Шара «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды.
Жәрмеңкеге жаңа кітаптармен қатар, бұрыннан оқылып, үйде сөреде тұрған басылымдар да әкелінді. Мұнда классикалық шығармалардан бастап, балалар әдебиеті мен энциклопедияларға дейін бар.
Айгерім Түсібекова, Павлодар қаласы «Жасыл ел» штабының менеджері
«Біз дармарканы «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында өткізіп жатырмыз. Бүгін бізде қызықты көрме өтеді. Сонымен қатар түрлі шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Балалар сурет сала алады. Сондай-ақ хореография, бачата бойынша шеберлік сабағы болады. Бұл шараның негізгі мақсаты – адамдардың кітап алмасуы. Әр адам өз кітабын әкеліп, орнына басқа кітап алады. Осы арқылы адамдардың ішкі дүниесі байып, жаңа білім алады. Ал өсімдіктермен алмасу – экологияға, қоршаған ортаға деген қамқорлыққа бағытталған».
Кітаптардың әрқайсысының өз тарихы бар. Бірі – бірнеше рет оқылған, енді бірі – жылдар бойы сөреде тұрған шығарма. Ал бүгін олардың жаңа оқырманға жол тартатын сәті.
Мариа Нагуш, Павлодар қаласының тұрғыны
Мен мұндай шараға алғаш рет қатысып отырмын. Кеше ғана Instagram-нан хабарландыруды көрдім. Осындай шараға қатысып, кітап оқитын адамдармен араласқым келді. Біздің қалада кітап алмасуға арналған арнайы сөрелер бар екенін бірнеше рет көргенмін. Мұндай концепция маған әрдайым ұнайтын. Сондықтан бос уақытым бола салысымен қатысуға келдім. Менде кітаптар өте көп жиналып қалды. Бір пакет кітап әкелдім. Қызықты басылымдар мен жаңа авторларды тауып, кітаптармен алмасқым келді. Арасында оқылып қойған, ұзақ уақыт бойы шаң басып тұрған кітаптар бар. Балаларға арналған кітаптар мен энциклопедиялар да бар, олар қазір пайдаланылмайды. Менің ойымша, бұл өте қызықты акция. Кітап оқитын адамдармен кездесіп, араласуға, кітаптармен алмасып, өз пікіріңмен бөлісуге мүмкіндік береді».
Кітаптың ғұмыры бір оқырманмен аяқталмайды. Бір қолдан екіншісіне өткен әр басылым өзімен бірге жаңа оқырманға жаңа әлем сыйлайды.
Дильназ Қуанышбекқызы