Jastar fest
12 тамыз — жастар күніне орай Ertis promenade сахнасында ауқымды мерекелік іс-шара өтті. Жастар ән айтып, би билеп, қазақ эстрадасы жұлдыздарының өнерін тамашалады.
Жастар күнін атап өту үшін орталық жағалауға жиналған жұртшылықтың қарасы қалың болды. Облыстың бас сахнасында олар үшін ауқымды мерекелік концерт ұйымдастырылды. Ал «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында қатысушылар өз білімдерін сынап көруге мүмкіндік алды.
Алдымен сахнаға жергілікті өнерпаздар шықты. Талантты жастар ән айтып, би билеп, дарынын танытты. Іс-шараның мақсаты да осы — жастардың шығармашылығын қолдау болды.
Ал кеш хедлайнерлері — Colorit пен Bytanat. Қала тұрғындары мен қонақтары бұл әншілерді асыға күтті.
Colorit, әнші
«Павлодарға алғаш рет келіп тұрмын. Қала өте әдемі екен, маған қатты ұнады — келе сала ерекше атмосфераны байқадым. Жасыл ағаштар, жарқыраған күн, әсіресе, трамвайлар қалаға өзінше бір әсемдік пен ерекше атмосфера беріп тұр. Бәрі өте керемет болды. Сахнаға шығар алдында қобалжыдым, өйткені бұл — Павлодарда бірінші рет өнер көрсетуім. Бірақ мені жылы қабылдады. Бүгін Ertis Promenade сахнасында өнер көрсеткеніме өте қуаныштымын. Жастардың мақсат қойып, соған жетуін тілеймін. Барлығыңыз осындай керемет, ерекше қалпыңыздан таймай, тек алға қадам басыңыздар!»
Bytanat, әнші
«2025 жылы осындай үлкен Жастар фест кешінде болғанмын. Павлодарға, Ертіс променадқа келу — біз үшін үлкен мәртебе! Өте керемет атмосферасы. Павлодарда жиі болып тұрамын, қаланың атмосферасы өте керемет және де бүгінгі жастар мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Болашақтарыңыз жарқын болсын. Павлодарлық жастарға болашақтары жарқын болсын, жолдары ашық болсын, мен тек қана оларға жақсылық тілеймін.»
Концерт жиналған жұртшылықтың көңілінен шықты. Барлығы іс-шараның жоғары деңгейде өткенін айтып, мерекелік көңіл-күймен ізгі тілектерін білдірді.
JASTAR FEST осы жаздың жастарға арналған ең жарқын оқиғаларының бірі болып, көрерменге ұмытылмас әсер сыйлады.
Жұлдыз Қабылденова