Павлодар облысының экономикасында өсім бар
Павлодар облысының экономикасында өсім байқалады. Жыл басынан бергі алты айда өңірдің жалпы өңірлік өнімі 7,9 пайызға артып, 1 триллион 400 миллиард теңгеге жуықтады. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім 1 миллион 931 мың теңгеден асты. Экономиканың негізгі драйвері саналатын өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 8,8 пайызды құрады.
Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім фармацевтика, металл бұйымдары және металл емес минералды өнімдер өндірісінің артуы есебінен қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығында да оң динамика бар. Жалпы өнім көлемі 4,6 пайызға өскен. Егіс алқабы 70 мың гектарға ұлғайды. Салаға тартылған инвестиция көлемі 99,3 миллиард теңгеге жетіп, бір жылда 1,4 есеге артқан.
Дамир Төлеубаев, Павлодар облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы
Өңір экономикасының негізгі локомотиві – өңдеу өнеркәсібінде өсім байқалады. Алты айдың қорытындысы бойынша өсім 8,8 пайызды құрады. Бұл фармацевтикалық өнімдер өндірісінің 255,2 пайызға, металл емес минералды өнімдердің 159,9 пайызға, сондай-ақ дайын металл бұйымдары өндірісінің артуы есебінен қамтамасыз етілді.Агроөнеркәсіп кешенінде де өндіріс көлемі айтарлықтай өсті. Жалпы өнім көлемі 4,6 пайызға артты. Егіс алқабы 70 мың гектарға кеңейтілді. Салаға салынған инвестиция 1,4 есеге өсіп, алты айда 99,3 миллиард теңгені құрады.
Тұрғын үй құрылысы да жалғасып жатыр. Биыл кредиттік тұрғын үй бағдарламасы аясында жалпы аумағы 49,4 мың шаршы метр болатын жеті үй салынады. Оның құрамында 573 пәтер бар.
Дамир Төлеубаев, Павлодар облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы
Павлодар қаласында жалпы аумағы 21,5 мың шаршы метр болатын екі үйдің құрылысы жүргізілуде. Мұнда 252 пәтер қарастырылған. Екібастұзда 18,8 мың шаршы метрлік төрт үй салынып жатыр. Олар 240 пәтерге есептелген. Ал Ақсуда Донентаев көшесі, 44 мекенжайындағы үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның аумағы 9,1 мың шаршы метр, 81 пәтер болады.
Әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамтуға да қаржы қарастырылған. Биыл осы мақсатқа 3 миллиард теңге бөлініп, 217 пәтер сатып алу жоспарланған. Бұдан бөлек, облигациялық қарыз есебінен 9,8 миллиард теңгеге 483 пәтер алу көзделіп отыр.
Дильназ Қуанышбекқызы