Негізгі Жаңалықтар Оныншы жеңіліс

Оныншы жеңіліс

Қазақстан футболының Премьер-лигасы командалары арасындағы чемпионаттың 24-тур ойындары өтті. Павлодарлық «Ертіс» өз алаңында Қостанайдың «Тобыл» командасын қабылдады.


Қонақтар бейсенбі күні Конференциялар лигасы аясында сербиялық «Партизанға» қарсы қарымта кездесуін өткізген болатын. Сондықтан қостанайлықтар алаңға толықтай резервтік құраммен шығады деп күтілген еді. Алайда «Тобылдың» негізгі құрамында еурокубоктық кездесуде ойнаған бес футболшы болды. Ойынның басталуы Павлодарды нөсер жаңбыр басқан уақытпен тұспа-тұс келді. Жаңбырдың қатты жауғаны соншалық, матчтың 10-минутында бас төреші ойынды тоқтату туралы шешім қабылдады. Кездесу 50 минуттан кейін қайта жалғасты.

Ойын қайта басталғаннан кейін қонақтар сапынан Урош Милованович есеп ашуы мүмкін еді, алайда доп қақпаға енбеді.

Бір минуттан кейін «Тобылдың» 18-нөмірлі ойыншысы тағы да есеп ашуға мүмкіндік алды. Бұл жолы павлодарлықтардың қақпашысы Богдан Сарнавский тосқауыл болды.

Алайда 23-минутта «Ертістің» қорғанысы Райан Сенхаджидің гол соғуына кедергі бола алмады.

Өкінішке қарай, 52-минутта «Тобыл» басымдығын арттырды. Голды Виталий Лисакович соқты.

68-минутта қонақтар бір ойыншыға кеміп қалды — Антонио Боршич екінші ескертуін алып, алаңнан қуылды.

Сол сәтте Зикрилло Султаниязов стандартты жағдайдан гол соғуы мүмкін еді, бірақ оның соққысын Данил Устименко тағы да қайтарды.

Қосылған уақыттың 3-минутында «Ертістің» ойыншысы Руслан Юденков екінші сары қағазын алды.

Бір минуттан кейін павлодарлықтар Тимур Мұхаметжановтың голымен есеп айырмасын қысқартты. Алайда төрешілер бұл голды есепке алмады. Нәтижесінде — 0:2. Бұл павлодарлық клубтың чемпионаттағы оныншы жеңілісі.

Марат Еслямов, «Ертіс» ФК бас бапкері

Жанкүйерлерден кешірім сұрағым келеді. Біз бұл матчқа дайындалдық, қарсыласты талдадық, олардың 13-і күні ойын өткізгенін түсіндік. Бірақ қазір таблодағы есепке қарап отырмыз. Бір жерде бізге бір нәрсе жетіспеді. Ауа райы ма? Қарсылас та дәл осы ауа райында ойнады. Біз ауа райын сылтау ете алмаймыз. Біз өзіміз жеңілдік. Не нәрсеге сілтеме жасай аламыз? Біреуді іздеп, біреуді кінәлаймыз ба? Біз өзіміз жеңілдік. Жалпы кейбір сәттерді алатын болсақ, қарсылас аз құраммен қалған кезде де біз асығыстық таныта бастадық, допты жоғарыдан жеткізуге көштік. Ал біз жігіттерге бәрін төменнен, қанаттар арқылы жасау керектігін айттық. Өйткені қарсылас қорғаныста өте жақсы ойнайды — олардың орталық қорғаушылары бойшаң. Бірақ біздің сөзіміз оларға жетпеді.

Мирослав Ромащенко, «Тобыл» ФК бас бапкері

Біз бұл матчқа дайындық кезінде айтқан дүниелердің бәрін мұқият орындадық. Бірінші таймдағы бір эпизодты есептемегенде, онда қарсылас біздің қақпа маңында қауіпті сәт ұйымдастырды. Қалған уақытта, мінсіз болмаса да, кем дегенде өз жоспарларымызды орындау және оларды жүзеге асыру тұрғысынан бірінші таймды іс жүзінде мінсіз өткіздік. Жалпы команда матч алдында айтқанымыздың бәрін жасады. Біз қарсыласты допсыз ойнауға және өзіне қолайсыз тәсілмен әрекет етуге мәжбүрледік. Сондықтан бұл нәтиже заңды деп есептеймін.

«Ертіс» турнирлік кестенің соңғы сатысында тұр. Құтқаратын 14-орыннан павлодарлықтар екі ұпайға қалып келеді.

24-тур аясында 30 тамызда павлодарлықтар өз алаңында «Ақтөбені» қабылдайды.


Бөлісу

Аймақтық телеарналар