Негізгі Жаңалықтар Спорт саласының үздік мамандары марапатталды

Спорт саласының үздік мамандары марапатталды

Павлодарда Спорт күніне орай қала тұрғындары мен спорт саласының өкілдері бас қосып, бұқаралық спортты насихаттауға бағытталған ауқымды шараға қатысты. Ертіс жағалауындағы мерекелік бағдарламада спорттың сан алуан түрі таныстырылып, үздіктер марапатталды.


Ертіс жағалауы бұл күні спорттың мерекелік алаңына айналды. Негізгі аллеяда ұйымдастырылған шараға спортшылар, жаттықтырушылар, сала мамандары, спорт ұйымдарының өкілдері және қала тұрғындары қатысты. Жағалау аумағында спорттың түрлі бағыттарын таныстыратын он беске жуық тақырыптық алаң орналастырылды. Мұнда қаладағы спорт мектептері мен ұйымдары өз бағыттарын таныстырып, тұрғындарға жаттығу түрлері мен спорттық мүмкіндіктер туралы ақпарат берді.

Еламан Асылбеков, Павлодар қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы

Бізде балаларды және жасөспірімдерді жаттықтыратын орталық бар. Сол орталықта жұмыс атқаратын ағайларды, спортшыларды және жұмыскерлерді марапаттап жатырмыз. Осындай шара биыл ғана өтіп жатыр. Енді жыл сайын өткізуге тырысамыз. Спорт саласында жүрген мамандары марапаттау қажет. Олардың еңбектері зор. Олардың еңбектерін бағалап осындай кішігірім сыйлық жасап жатырмыз. 

Шарада спорт саласының 58 үздік мамандары марапатталды. Салтанатты жиында спортшылар мен жаттықтырушыларға, спорт саласының қызметкерлеріне, сондай-ақ қаланың спорт инфрақұрылымын дамытуға және спорт нысандарын абаттандыруға үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді.

Ермек Азданбеков, бокс бапкері 

Павлодарда спорт негізі дамып келе жатыр. Жағдайлары жасалып жатыр. Клубтары бар. Елімізден осы Павлодарда кеңес одағы кезінде далалық клубтар болды ғой, сол негізі бізде қалды. Жағдай жасалып, спорт комитетімен, қазір әрі қарай жалғасып жатыр. Қазір де міне осындай мерекелер өтіп жатыр, спортқа байланысты. Балалар да, үлкендерде қатысып жатыр. 

Спорт күніне арналған бұл шара да осы бағыттағы жұмыстарды кеңінен таныстыруға мүмкіндік берді. Оның мақсаты тұрғындарды спортпен тұрақты айналысуға шақыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру және жас ұрпақ арасында спортқа деген қызығушылықты арттыру. Павлодардағы шара спорттың қолжетімді әрі көпшілікке ортақ екенін тағы бір мәрте көрсетті. 


Сабина Жолдаспаева 


Бөлісу

Аймақтық телеарналар