Өрттен әлі де қауіп бар
Өңірде өрт қаупі әле де өзекті. Жыл басынан бері мемлекеттік орман қоры аумағында 115 өрт тіркелген. Өрттің шығуына не себеп болып жатыр? Ал, жағдай қалай бақылауда? Алдағы материалымызда.
Биылғы жаздың ауа райы көпке мәлім. Өңірде ұзақ уақыт бойы аптап ыстық сақталып, жауын-шашын аз болды. Сондықтан өрт тек ормандарда ғана болған жоқ. 3 дала өрті тіркеліпті. Сонымен қатар, 63 рет құрғақ шөр тұтанған.
Қайрат Шаймарденов, төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары
Күн сайын оқиға орнына шығып, жағдайды пысықтап, өртті сөндіріп, оқшаулау жұмыстарын жүргіземіз. Кей жерде өз күшімізбен, енді бір жерде орман шаруашылығы мекемелері мен жергілікті атқарушы органдардың күштерімен жұмыс істейміз. Жалпы, бұл кешенді жұмыс бүгінде белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Ал өрттердің негізгі себебі – ең алдымен табиғи құбылыстар, яғни найзағай. Бүгінгі таңда осындай 92 жағдай тіркелді. Әдетте бұлттар жақындап, найзағай ойнайды, бірақ жаңбыр жаумайды. Соның салдарынан орман да, дала да өртенеді.
Қосымша қауіп ауыл шаруашылығы жұмыстары кезінде де туындайды. Аққулы және Тереңкөл аудандарында өрттің шығуына техникалардан шыққан ұшқын себеп болған. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қайрат Шаймарденов, төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары
Бұдан бөлек, ауылдық округтердің жерлерінен шыққан өрттің мемлекеттік орман қорының аумағына өтіп кеткен жағдайлары да бар. Бүгінде бізде осындай 6 жағдай тіркелді. Аққулы және Тереңкөл аудандарында кінәлі тұлғалар да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Өңірде өрттен қорғау мақсатында минералдандырылған жолақтар жасалып, қоқыстар тазаланып, үйлердің, қоршаулардың және орман алқаптарының маңындағы құрғақ өсімдіктер шабылуда. Ал қажет болған жағдайда өртті сөндіруге құтқарушылар ғана емес, басқа да күштер тартылады.
Қайрат Шаймарденов, төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары
Біздің күштеріміз бен құралдарымыздан бөлек, жергілікті атқарушы органдардың және орман шаруашылығы мекемелерінің күштері жұмылдырылды. Сонымен қатар кезекшілікте 4 әуе борты бар: оның 2-еуі Павлодарда, 1-еуі Баянауыл ұлттық паркінде, төртінші борт – «Ертіс Орманы» аумағында.
Өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы рейдтер барысында бақыланады. Облыста 49 мобильді топ жұмыс істеп жатыр. Олар жүргізген тексерулер нәтижесінде 250-ден астам адам жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 1,5 миллион теңгеден асты.