Павлодарда ретро әндер кеші өтті
Павлодар ретро ырғағына бөленді. Ертіс жағалауында өткен музыкалық фестивальде өткен жылдардың танымал әндер шырқалып, мыңдаған көрермен бас қосты. Кештің сәнін арнайы дресс-код аша түсті. Музыкалық кеш қалай өтті? Алдағы сюжеттен көрейік.
«Ertis Promenade» сахнасында әуезді әндер шырқалып, жұрт би билеп, ретро кештің ерекше атмосферасын сезіндіКөрермендердің бәріне ақ түсті киім кию ұсынылған еді. Қала тұрғындары мен қонақтары бұл бастаманы қолдады. осылайша Ертіс жағалауы ақ киген адамдардың үлкен би алаңына айналдырды.
Ұйымдастырушылар сахна безендірілуіне ерекше мән берген. Концертке арнайы диско-шар орнатылды. Ол би кештерінің басты белгілерінің бірі. Ал көрермендерге ыңғайлы болу үшін жағалаудың жоғарғы бөлігінде екі үлкен LED-экран қойылып, қосымша дыбыс құрылғылары орнатылды. Осылайша сахнадан алыста тұрған көрермендер де концертті сапалы тамашалап, мерекелік көңіл-күйден тыс қалмады.
Музыкалық бағдарламаны қазақстандық әнші Жадыра Құтпанова ашты. Өнерпаз алғашқы әндерінен-ақ көрерменнің көңіл-күйін көтеріп, көпшілікті сахна маңына жинады.
Одан кейін сахнаға Өктем Алтаев шықты. Әнші концерт бағдарламасын жалғастырып, кешке ұлттық нақыштағы әуендерді қосты.
Ал кештің келесі бөлігі көрермендерді заманауи ретро-поп музыкасының дәуіріне жетеледі. Сахнаға «Винтаж» тобы шықты. Танымал әндер мен жарқын шоу көпшілікті бірден әуен ырғағына бөледі. Бұл әндер бір кездері көпшіліктің сүйіп тыңдаған шығармаларына айналған еді.
Концерт барысында топтың солисі гитарасын қолына алып, әндерінің бірін жанды дауыста орындады. Кейін сахнаға екі көрерменді шақырып, олармен бірге ән айтты.
Кеште шетелдік әндер де шырқалды. Павлодарлық көрермендерге швед әншісі Bosson өнер көрсетті. Оның шығармалары әсіресе 2000 жылдардың басындағы музыка тыңдармандарына жақсы таныс. Ал алғашқы әуендер естілген сәттен-ақ көрерменнің бұл әндерді әлі де ұмытпағаны байқалды.
Ретро кешті HI-FI тобы жалғастырды. Олардың әндері бір буынның музыкалық тарихымен тығыз байланысты. Бұл жолы да таныс әуендер қайта шырқалып, көрермендер әнге қосылды. Жағалаудағы мерекелік көңіл-күй одан әрі қыза түсті. Жұрт сахна алдында да, жағалаудың жоғарғы бөлігінде де биледі.
Үлкен музыкалық кештің нүктесін Серік Мусалимов қойды. Оның өнер көрсетуімен әртүрлі буын өкілдерін және сан алуан музыкалық кезеңдерді тоғыстырған мерекелік бағдарлама мәресіне жетті. Ретро кеш аяқталғанымен, Ертіс жағалауындағы көтеріңкі көңіл-күй көпшілікке ұзақ уақыт бойы әсер қалдырды.
Сабина Жолдаспаева