Негізгі Жаңалықтар Жасөспірімдер арасында республикалық стритбол турнирі өтті

Жасөспірімдер арасында республикалық стритбол турнирі өтті

Павлодарда жасөспірімдер арасында стритболдан республикалық турнир өтті. Екі күнге жалғасқан жарыс Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері Ермек Қапеновты еске алуға арналды. Биылғы додаға Павлодар облысының қалалары мен аудандарынан және Қостанай облысынан келген 16 команда қатысып, алаңда өзара мықтыны анықтады.


Ермек Қапенов – Павлодар өңірінде көше баскетболының дамуына үлес қосқан спорт жанашыры. Ол стритболдан облыста алғашқы чемпион атанып, бұл спорт түрінің кеңінен таралуына бастамашы болған. Ермек Қапеновты еске алуға арналған турнир алғаш рет 2020 жылы ардагерлер арасында ұйымдастырылған. Ал 2022 жылдан бері жарысқа жасөспірімдер командалары да қатысып келеді. Биыл алтыншы рет өткен дода республикалық деңгейге көтерілді.

Виктор Бондарь, жарыс ұйымдастырушысы

Ермек баскетболдың нағыз жанашыры еді. Үнемі ойнап, жаттығып жүретін. Ол менің жақын досым болды, отыз жылдан астам уақыт бір командада бірге ойнадық. Халықаралық жарыстарға қатысып, облыс чемпионаттары мен спартакиадаларда жеңіске жеттік. Ермек Баянауылдың тумасы. Бала кезінде жүрегіне байланысты денсаулығында қиындық болған екен, сондықтан ата-анасы оны спорттық секцияларға жібермеген. Бірақ ол соған қарамастан үйінен қашып шығып, жаттығуға баратын. Мұны тіпті мен де кейін білдім. Өкінішке қарай, Ермек ұлымен бірге баскетбол ойнап жүрген кезінде жүрек талмасынан қайтыс болды. Сондықтан біз жыл сайын оның рухына арнап осы турнирді өткіземіз. Бүгінде бұл жарыс республикалық деңгейге жетті.

Жарыс барысында жас спортшылар 3х3 форматында бірнеше кездесу өткізіп, алаңдағы шапшаңдығы мен ептілігін көрсетті. Бұл форматта ойын қарқыны жоғары болғандықтан, қатысушылардан жылдам шешім қабылдау, командаластарымен үйлесімді әрекет ету және қарсыластың тактикасына бейімделу талап етіледі. Жас баскетболшылар үшін турнир тәжірибе жинап, өз мүмкіндіктерін бағалауға жақсы мүмкіндік болды.

Богдан Нечаев, жарыс қатысушысы

2021 жылға дейін баскетболды тек көшеде, өзім үшін ойнайтынмын. Шамамен екі жылдай осылай айналыстым. Кейін баскетбол секциясына барып, жаттыға бастадым. 2024 жылы секциядағы жаттығуларды тоқтаттым, бірақ қазір де өзім үшін баскетбол ойнаймын. Бала кезімнен бұл спортты жақсы көретінмін, жақсы ойнауды үйренгім келді. Біз үшін ең бастысы – жеңіс емес, жарысқа қатысып, тәжірибе жинау.

Республикалық дода жас спортшыларға өзара тәжірибе алмасып қана қоймай, бәсекелі ортада шеберліктерін жетілдіруге мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстардың мақсаты балаларды спортқа тұрақты түрде тарту және баскетболдың бұқаралық сипатын арттыру. 


Сабина Жолдаспаева 



Бөлісу