Негізгі Жаңалықтар Семейдегі сәтсіздік

Семейдегі сәтсіздік

Футболдан Қазақстан чемпионатының 21-турында павлодарлық «Ертіс» сырт алаңда «Елімаймен» кездесті. Семейдегі матч қалай өтті? Келесі сюжеттен көрейік.



Астанада өткен бірінші айналымда екі команда 2:2 есебімен тең тарқасқан. Ал бұл кездесудің бірінші таймында қауіпті сәттер болғанымен, есеп ашылған жоқ.

Екінші тайм барысында «Ертіс» қақпашысы Богдан Сарнавский бірнеше секунд ішінде қарсылас соққан допты екі рет қайтарды. Дегенмен, 73-минутта «Елімай» шабуылшысы Иван Свиридов соққы жасаған кезде, ол қақпасын қорғай алмады.

Бес минуттан кейін павлодарлықтар айып соққысын орындады. Қақпа алдындағы қарбалас кезінде доп «Елімайдың» словениялық қорғаушысы Май Миттендорферге тиіп, қақпаға кірді. Осылайша есеп теңесті.

Ал 80-минутта Акмаль Бахтияров алаң иелерін алға шығарды. Осыдан кейін «Ертіс» қорғаушысы Мбоджи Мамаду екі сары қағаз алып, алаңнан қуылды.

Ойынның нүктесін қосымша уақыттың екінші минутында маусымды Павлодарда бастаған Мирас Оматай қойды. Есеп — 3:1.

Марат Еслямов шәкірттері әлі де қауіпті аймақта тұр. Тіпті, «Алтай» техникалық жеңіске қол жеткізіп, 19 ұпай жинаса, жерлестеріміздің соңғы орынға сырғып кетуі ықтимал. «Ертіс» келесі ойынды 16 тамызда өз алаңында қостанайлық «Тобылға» қарсы өткізеді.


Жұлдыз Қабылденова



Бөлісу