«Мектепке жол» акциясы басталды
Тамыздың ортасы да келіп қалды. Көп ұзамай жаңа оқу жылы басталады. Кейбір ата-ана үшін баланы мектепке дайындау — жыл сайынғы қалыпты іс болса, өзге отбасылардың бюджетіне бұл ауыр салмақ түсіреді. Осы орайда дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы өз жұмысын бастады. Бүгін біршама оқушы қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Облыстық білім басқармасы қыркүйектің алғашқы күні барлық балалардың мектеп есігін аттап, оқу үдерісіне толық қатысуын қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр. Қазірдің өзінде демеушілердің көмегімен 30 миллион теңгеге көмек көрсетілді.
Жібек Айтмұхамбетова, Павлодар облысы білім беру басқармасының балалардың құқықтарын қорғау және инклюзивті білім беру бөлімінің басшысы
Павлодар облысында жаңа оқу жылына дайындық аясында дәстүрлі республикалық «Мектепке жол» акциясы басталды. Қазір өңірде оқу жылына дайындалуда көмекке мұқтаж бес мыңға жуық бала есепте тұр. Олардың үш мыңнан астамына демеушілер тарапынан қолдау көрсетілді. Бұл қайырымдылық шарасына ірі кәсіпорындар, зауыттар мен сауда үйлерінің басшылары ғана емес, сонымен қатар облысымыздың қарапайым тұрғындары да белсене қатысуда.
«Мектепке жол» акциясы демеушілер қаражаты есебінен жүзеге асырылса, мемлекет тарапынан аз қамтылған және әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға «Жалпыға міндетті оқу қоры» аясында көмек көрсетіледі.
Жібек Айтмұхамбетова, Павлодар облысы білім беру басқармасының балалардың құқықтарын қорғау және инклюзивті білім беру бөлімінің басшысы
Бұл бағыт бойынша көмек отбасылардың 5 санатына көрсетіледі. Біріншісі — мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан балалар. Екінші санат — аталған көмекті алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балалар. Үшінші санатқа жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар кіреді. Төртіншісі — түрлі төтенше жағдайлардың салдарынан қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылардың балалары. Бесінші санат —мектептің қамқоршылық кеңесі тікелей көмекке мұқтаж деп анықтаған балалар. Бұл көмек жергілікті бюджет қаражаты есебінен «Жалпыға міндетті оқу қоры» арқылы беріледі.
Бұл жолы «Мектепке жол» аясында облыстағы сауда үйлерінің бірі 150-ге жуық балаға демеушілік қолдау көрсетті. Атап айтқанда, оқушыларға мектеп формалары, дорбалар мен оқу құралдары табысталды.
Дүкендерде акцияға арналған дайын мектеп жиынтықтары жиналып, жаңа иелеріне берілді. Осылайша, қолдауды қажет ететін жандардың тізімі біртіндеп қысқарып келеді. Енді бұл балалар жаңа оқу жылын алаңсыз бастай алады.
Жұлдыз Қабылденова