Негізгі Жаңалықтар Белсенді ардагерлер 

Белсенді ардагерлер 

Павлодарда ардагерлер арасында екінші облыстық туристік слёт өтті. Оған облыстың үш қаласы мен 9 ауданынан келген қатысушылар жиналды. Олар шатыр тігіп, туристік түйіндер байлады, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Ардагерлер сынақтарға қалай дайындалды? Тілшіміз тарқатады. 


Сайысқа 12 команда, жүзден астам қатысушы шықты. Олардың қатарында зейнет жасындағы ерлер мен әйелдер бар. Көпшілігі үшін мұндай шараға қатысу алғаш рет емес. Мұнда жылдамдық пен күштен бөлек, командалық жұмыс, өзара үйлесім және бірлесе әрекет ету маңызды.

Талғат Мамашев, «Қазақстан спорт ардагерлері одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Павлодар облыстық филиалының басшысы

2023 жылы алғашқы слётті өткізген болатынбыз. Сол кезде қатысушылардан жақсы әсер қалды. Сондықтан бұл шараны дәстүрге айналдырып, әрі қарай жалғастыруды шештік. Ардагерлер кеңесінде спартакиада мен туристік слёт кезектесіп өткізіледі. Бір жылы туристік слёт болса, келесі жылы спартакиада ұйымдастырылады. Ардагерлер бұл жарыстарға алдын ала дайындалып, өздерінің әлі де белсенді әрі кез келген сынаққа дайын екенін көрсеткісі келеді. Биыл облыстың 9 ауданы мен барлық қаласы қатысты. Барлығы – 12 команда. Олар спартакиадаларға да тұрақты қатысады. Әр команданың өз атауы, формасы және ұраны бар.

Слёт бағдарламасында спорт пен туризм бағыттары қатар қамтылды. Командалар жарысқа тыңғылықты дайындалған. Мәселен, Баянауыл ауданының ардагерлері алдын ала табиғат аясына шығып, шатыр тігіп, туристік түйіндер байлауды жаттықтырған. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер ардагерлердің белсенділігін арттырып, өзара араласуына және уақытты тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Оның үстіне бағдарлама жыл сайын жаңарып келеді. Бұған дейін спартакиада аясында шахмат, тоғызқұмалақ және допты себетке лақтыру сияқты сайыстар ұйымдастырылса, қазір олардың қатарына нысана көздеу, жүзу және скандинавиялық жүріс қосылған.

Туристік слёт жеңімпаздарды марапаттаумен аяқталды. Үздіктерге кубоктар, медальдар, дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Бұл – ардагерлер үшін белсенді өмір салтының жасқа қарамайтынын тағы бір мәрте дәлелдеуге мүмкіндік берген шара.


Сабина Жолдаспаева



Бөлісу

Аймақтық телеарналар