Павлодарда түркістандық компания кәсіпкерлерді сан соқтырып кетті. Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы тендер ұтқан мекеме оларға жұмысын істетіп алып, ақысын төлемей қойған. Соның кесірінен 5 кәсіпкер миллиондап шығынға батыпты. Ал кәсіпкерлер жұмысшыларына айлықта төлей алмай отыр. Мәселенің мәнісін әріптесім Өзгеріс Қуанар біліп келді.
Компания өткен жылы өңірдегі 10 нысанға күрделі жөндеу жүргізуге тендер ұтып алған. Бірақ, құрылыс жұмыстарын істеу үшін павлодарлық мердігерлерге жүгініпті. Олар 10 ғимаратқа толыққанды жөндеу жасап шыққан. Бірақ, ақысын толық өтемей қойыпты.
Андрей Даниленко, кәсіпкер:
Қосалқы мердігерімен келісімшарт жасастық. Біздің міндетіміз электр құрылғыларын жеткізіп беру болды. Бірнеше рет тауарды жеткізіп бердік. Бірақ соның біреуі бойынша әлі күнге бізге төлем жасаған жоқ. 1 миллион 700 мың теңге қарыз.
Эльдар Галиев есімді кәсіпкер де осы компанияға алданып қалған. Ол Ақсу қаласы мен Сарышығанақ ауылындағы мектептердің аумағына асфальт төсеген. Бірақ, атқарған жұмыстың ақысын бермепті.
Эльдар Галиев, кәсіпкер:
Өзімізге жүктелген жұмыстың бәрін сапалы орындадық. Олар қабылдау актісіне қол қойды. Бірақ та осы күнге дейін әлі толық төлем жасаған жоқ.
Сарышығанақ мектебінің жөндеу жұмысы биыл ғана аяқталды. Былтыр күзде тапсырылуы тиіс нысан созбалаңға салынған. Бұны біздің арна бірнеше рет көрсеткен еді. Алайда, осы компанияға қатысты шағым тек Павлодарда емес, өзге аймақтарда да осыған ұқсас жағдай болған. Бұны халық қалаулылары айтып отыр.
Жарқынбек Амантайұлы – ҚР парламенті мәжілісінің депутаты:
«Градстройсервис» деген компаниясы туралы елімізде өте үлкен шағымдар бар. Мұнда 102 шарт бар деп беріпсіздер. Бізге жеткен ақпарат бойынша 370-тен астам келісімшарт бар -дейді млрдтаған соммаға. Енді осындай компаниялардың осынша құрылысты алып жүретін техникалары да жұмыс күші де болмай жатады. Көбінесе субмердігерлерді алып алады да содан кейін көптеген ондаған құрылыс нысандары еліміз бойынша уақытынан кешігіп сапасынан ақсап жатқан жайы бар.
Компания Түркістан облысында тіркелген. Одан павлодарлық 5 кәсіпкер зардап шекті. Жалпы қарыз көлемі 50 млн. теңгеге жеткен.
Алмагүл Бахралинова, адвокат:
Егер компания есеп шотында ешқандай қаражаты болмай келісімшартқа отыратын болса, ол алаяқтық деп саналады. «Градстройсервис» ұтқан тендерлерде «ADSN груп» компаниясы қосалқы мердігер ретінде тіркелген. Ал оның бір ғана қызметкерінен басқа адамы жоқ. Бұның өзі күдік тудырып тұр.
Ал кәсіпорын басшылығы сұхбат беруден бас тартты. Ал зардап шеккен кәсіпкерлер құзырлы органдарға шағымданған. Енді берешектерін сот арқылы өндіріп алмақ.
Өзгеріс Қуанар