Майқайыңда жаңа өнер мектебі салынып жатыр
Баянауыл ауданы Майқайың кентінде жаңа өнер мектебі бой көтеруде. Бұл нысан неше орынға шақталған және құрылысы қашан аяқталады? Кезекті сюжеттен көрейік.
Майқайың кентінде 500 орынға арналған жаңа өнер мектебінің құрылысы жүріп жатыр. Өнер мектебінің бұрынғы ғимараты ескіріп, апатты жағдайда екені анықталған еді. Осыған байланысты өңір басшысы қолдау көрсетіп, маусым айында жаңа нысанның іргетасы қаланды.
Құрылыс алаңында қазір 13 тас қалаушы еңбек етіп жатыр, екінші қабаттың жұмыстарын бастау үшін тағы бір бригада қосылады. Бұдан бөлек, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту үшін 4 адам жұмысшы ретінде тартылды. Нысанда екі тиегіш, екі кран, экскаватор мен бетон араластырғыш жұмыс істеуде. Осылайша, құрылыс қарқынды жүріп жатыр.
Нұрлан Ахметжанов, учаске бастығы
«Қазір бірінші қабаттың құрылысы аяқталып, қабатаралық плиталар орнатылып жатыр. Акт залының қабырғалары да көтерілуде. Нысанның осы бір жағы бір қабатты, екінші беті екі қабатты болады. Құрылыс толықтай жоспарға сай жүріп жатыр, ешқандай форс-мажор жағдай жоқ. Материалдар уақытында келеді. Мысалы, түске дейін тапсырыс берілсе, түстен кейін қажетті заттардың бәрі әкелінеді. Яғни, бұл бағытта ешқандай қиындық жоқ.»
Нысанды жылдың соңына дейін толық тапсыру жоспарланып отыр. Болашақта бұл заманауи ғимарат балалардың шығармашылықпен айналысып, әлеуетін ашуына арналған нағыз орталыққа айналады.
Жұлдыз Қабылденова