Павлодар – IT алаңы
Цифрлық дағдылар, стартаптар және жасанды интеллект – бүгінде мұндай жобаларды дамытуға Павлодарда мол мүмкіндік бар. Өңірде Pavlodar Hub жұмыс істейді. Мұнда жас стартаптап идеядан бастап дайын өнімге дейінгі жолдан өтуге көмектеседі.
Идеядан – өнімге дейін. Pavlodar Hub цифрлық технологиялар саласында дамуды қалайтын жандардың басын қосады. Мұнда жас кәсіпкерлер кеңес алып, пікірлес адамдарды тауып, өз идеясына деген сұранысты тексере алады. Бағдарлама жұмыс істей бастағалы бері 70-тен астам өтінім түскен.
Ердос Жүсіпов, цифрлық технологиялар басқармасының басшысы
Хабтың негізгі бағыттарының бірі – стартаптарды қолдау. Бағдарлама аясында 70-тен астам өтінім түсті. Сондай-ақ 17 команда идеядан алғашқы сатылымға дейінгі жолдан өтті. Тағы 20-ға жуық командаға жобаларын дамыту, мақсатты аудиториясын анықтау және алғашқы клиенттермен жұмыс істеу бағытында консультациялық қолдау көрсетілді. Біз үшін тек іс-шаралар өткізу ғана емес, болашағы бар идея нақты жобаға айналатын орта қалыптастыру маңызды.
Хабта тек стартаптармен ғана жұмыс істелмейді. Мұнда цифрлық сауаттылық пен кибергигиена бойынша сабақтар да өткізіледі. Әсіресе аға буын өкілдеріне ерекше көңіл бөлінеді. Қатысушылар интернет-алаяқтардың айла-тәсілдерін тануды және цифрлық сервистерді қауіпсіз пайдалануды үйренеді.
Ердос Жүсіпов, цифрлық технологиялар басқармасының басшысы
"Заң және тәртіп" идеологиясы аясында біз цифрлық сауаттылық пен кибергигиена бойынша оқыту шараларын өткіземіз. Негізінен бұл сабақтарға егде және аға буын өкілдері қатысады. Олардың алаяқтардың арбауына түсіп қалмауының алдын алу үшін арнайы оқыту жүргізіледі.
Хаб алаңында дамыған жобалардың бірі – Invov Ecosystem. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қосымша. Оның көмегімен инватакси шақыруға, қажетті инфрақұрылымды табуға және қаладағы пандустардың қолжетімділігін картадан көруге болады. Қазір жоба басқа өңірлерге де кеңейтілуі жоспарланып отыр.
Данияр Мамытбек, Pavlodar hub филиалы директорының М.А.
Біз осы жарты жыл ішінде шамамен 20 жобаға консультация бердік. Олар негізінен білім беру саласындағы жобалар болды. Бастапқы идея жобаның соңғы нұсқасынан мың есе өзгеше болуы мүмкін. Себебі ол осы жолдан өтеді: сұрақ-жауап, қателер, түрлі мәселелер. Олардың барлығы шешіліп, нәтижесінде мүлде басқа өнім пайда болады
Ал цифрлық өнімді ойлап қана қоймай, оны өз қолымен жасағысы келетіндерге Tomorrow School өз мүмкіндіктерін ұсынады. Мұнда бағдарламалау мен жасанды интеллект бойынша білім беріледі. Ең бастысы – бұл салада бұрын тәжірибесі болмағандар да оқуға кірісе алады.
Ильдар Асанов, Tomorrow school кампусының басшысы
«Tomorrow School Павлодар қаласында Astana Hub пен Alem AI Foundation бастамасымен, облыс әкімдігі мен цифрлық технологиялар басқармасының қолдауымен ашылды. Біз бағдарламалау мен жасанды интеллектіні әзірлеуші деңгейінде қолдануды үйретеміз. Бағдарлама бағдарламалаудан тәжірибесі жоқ адамдарға да арналған. Оқыту 18 жастан бастап, peer-to-peer форматында, яғни "тең-теңімен" қағидаты бойынша жүргізіледі. Оқушылар бір-біріне үйретіп, командаларда нақты жобалармен жұмыс істейді. Шілде айында оқудың алғашқы іріктеу кезеңі аяқталды. Жалпы 78 адам оқудан өтті. Оның ішінде 13 адам негізгі оқу курсына өтті. Дүйсенбіден бастап олар оқуын жалғастырады. Сонымен қатар дәл сол күні кезекті іріктеу легі де басталады».
Сабақтар «peer-to-peer» форматында өтеді. Сондықтан студенттер білімді оқытушылардан алып қана қоймай, бір-бірінен де үйренеді. Негізгі мақсат – алған білімді қай жерде және қалай қолдануға болатынын көрсету. Сол себепті сабақ барысында студенттер бірден код жазып, нақты міндеттерді шешуді үйренеді.
Еркебұлан Ахмедия, Tomorrow school кампусының оқытушысы
Біз дәрістерді кешкі сағат 18:00-ден кейін өткізуге тырысамыз. Бұл жұмыс істейтін адамдарға ыңғайлы болу үшін жасалады. Олар келіп, дәрістерді тыңдай алады. Қажет болған жағдайда дәрістерді жазып алып, бейнежазбаларын оқушыларға жібереміз. Яғни студенттерге барынша қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Жалпы, біздің дәрістеріміз барынша практикалық бағытта өтеді, теорияны мүмкіндігінше аз береміз. Себебі оқушылар алған білімін қай жерде қолдана алатынын түсінуі керек. Дәрістердің барлығында код мысалдары бар. Мен кодты жазып отырып, оны қатар түсіндіремін. Осылайша олар абстрактілі ұғымдардың нақты өмірде қалай қолданылатынын көреді».
Осылайша, Павлодардағы цифрлық экожүйе бірнеше мүмкіндікті бір арнаға тоғыстырып отыр – жаңадан бастаған стартаптарға арналған консультациялардан бастап, бағдарламалау мен жасанды интеллект бойынша толыққанды оқытуға дейін. Демек, бүгінде білім алып, дамуға ниеті бар кез келген адам өз идеясын жұмыс істейтін жобаға айналдыра алады.
Самал Қалиқызы