Өңірде эндопротездеу қалай жасалады?
Бұрын күрделі жоғары технологиялық ота саналатын буын алмастыру қазір Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық ауруханада қалыпты тәжірибеге айналған. Мұнда жыл сайын 500-ге жуық эндопротездеу жасалады. Мұндай медициналық көмек кімдерге қажет және буын ауруларының «жасарып» бара жатуына не себеп? Келесі сюжеттен көрейік.
Белсенді өмір мен денсаулықты қалпына келтірудің тиімді жолы — буындарды эндопротездеу. Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың травматология-ортопедия бөлімшесі бұл бағытта тізе және жамбас буындарын сәтті алмастырылып келеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелген азаматтар бұл көмекті тегін ала алады.
Андрей Пороховой, Ғ. Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасының травматология-ортопедия бөлімінің меңгерушісі
«Бүгін жасалып жатқан ота – біз үшін қалыпты тәжірибе. Нақтырақ айтсақ, емделушінің тізе буынына эндопротездеу жасалуда. Бұл отаны екінші рет жасап отырмыз. Бұдан 5 жыл бұрын айқын ауыстыру мен тізе буынының 3-4-дәрежелі деформациялаушы артрозының салдарынан емделушінің буынын алмастырғанбыз. Ал биыл ол екінші аяғын емдеуге келіп отыр. Яғни, ота нәтижесі көңілінен шығып, бұрынғыдай еркін қозғалғысы келеді. Бұл отаның құны 2 миллион теңгеден асады Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде сақтандырылған азаматтар бұл көмекті тегін ала алады.»
Мұнда жамбас буынын алмастыру 2010 жылдан бастау алса, тізе буындарын алмасыру 2012 жылдан бері қолға алынған. Қазір дәрігерлер ай сайын осындай 40-45 ота жасайды. Сонымен қатар, бөлімшеде бұрын орнатылған имплантат тозып немесе сапасы нашарлап, асқынулар пайда болған жағдайда жасалатын аса күрделі ревизиялық эндопротездеу де жүргізіледі. Бұл — жоғары технологиялық медициналық көмек түрі. Мамандар биылдың өзінде осындай сегіз күрделі отаны сәтті өткізді.
Андрей Пороховой, Ғ. Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасының травматология-ортопедия бөлімінің меңгерушісі
«Буынның деформациялаушы артрозы – шеміршектің тозуынан туындайтын, қозғалысты шектеп, қатты ауырсыну әкелетін дерт. Көбіне бұл бұрын алған жарақаттардың, атап айтқанда буынішілік сынған сүйектердің салдарынан дамиды. Уақыт өте келе деформациялаушы артроз қалыптасады, сондай-ақ қатар жүретін терапиялық патологиялар себеп бола алады. Яғни, ревматоидты артриті, подагралық артриті бар жандардың буындары негізгі ауруының салдарынан бұзылады. Бұдан бөлек, артық салмағы бар немесе өмір бойы ауыр физикалық жүктемені көтерген адамдар, мәселен, бұрынғы спортшылар да — қауіп тобында. Себеп болатын факторлар әртүрлі болғанымен, нәтижесі – біреу.»
Эндопротездеуді көбіне егде жастағы адамдар қажет етеді. Дегенмен, дәрігерлер дерттің «жасарып» бара жатқанына алаңдаулы. Бүгінде 20-40 жас аралығындағы тұрғындар арасында буынның бұзылуына әкеп соқтыруы мүмкін асептикалық некроз жиі кездеседі.
Десе дe, заманауи ортопедиялық оталар зақымданған буынды ауыстырып қана қоймай, емделушінің бұрынғы белсенді өмірін қалпына келтіруге және жанға батқан ауырсынудан толық арылуға мүмкіндік береді. Дәрігерлердің айтуынша, маманға дер кезінде көріну – аурудың асқынуының алдын алудың бірден-бір жолы.
Жұлдыз Қабылденова