Негізгі Жаңалықтар Ерекше құстарға толы аула 

Ерекше құстарға толы аула 

Құс өсіруді кәсіпке емес, сүйікті іске айналдырған павлодарлық тұрғынның ауласы көпшілікке қызық. Мұнда кәдімгі үй құстарымен қатар, табиғатта сирек кездесетін сәндік және экзотикалық құстар өсірілуде. Олардың әрқайсысына арнайы орын дайындалып, күнделікті күтімі жасалады. Бір кездері қарапайым қызығушылықтан басталған іс бүгінде үлкен әуестікке ұласқан.


Қырғауыл құсы Галиулла Ғабайдуллиннің ерекше құстарды өсіруге деген қызығушылығына себеп болған. Ашық қауырсыны мен ұзын құйрығы оны бірден ерекшелендіріп тұр. Алғашында бір ғана құс болса, уақыт өте келе ауладағы құстардың қатары көбейген.

Галиулла Габайдуллин, Павлодар қаласының тұрғыны

Зейнетке шыққаннан кейін бос уақытым көбейді. Сол кезде ерекше, сәндік құстарды өсіруге қызығушылық пайда болды. Арнайы вольерлер жасадым. Адамға әдемілік те жақсы әсер етеді. Қазір экотерапия деген ұғым бар. Құстармен айналысу көңіл-күйге жақсы әсер етіп, адамды тыныштандырады әрі сергек ұстауға көмектеседі.

Бүгінде бұл аулада құстың бірнеше түрі бар. Мұнда қырғауылдың алты, павлиннің үш түрі өсіріледі. Сонымен қатар түйеқұс, Колифорниялық және техастық бөдене мен күркетауық та бар. Құстардың тіршілігіне күн сайын бақылау қажет. Өйткені әр түрдің мінез-құлқы мен күтіміне қойылатын талаптары әртүрлі.

Галиулла Габайдуллин, Павлодар қаласының тұрғыны

Бала кезімізде өз үйімізде де құс ұстағанбыз. Құстар жұмыртқалаған кезде кейбірін инкубаторға салатынбыз. Сөйтіп, бала кезден қалыптасқан әдет кейін қызығушылыққа айналды. Бірте-бірте осы іспен айналысу маған ұнай бастады.

Құстардың саны көбейген сайын оларға қажетті жағдай да кеңейіп келеді. Қазір аулада тағы бір вольердің құрылысы жүріп жатыр. Иесі оны күзге дейін аяқтап, жаңа құстар әкелуді жоспарлап отыр. Ал қыста құстарды да сыртта ұстауға болады. Ол үшін оларды суыққа біртіндеп бейімдеу керек. Вольер жел өтінен қорғалып, іші құрғақ болуы маңызды. Осылайша павлодарлық тұрғын үшін құстарды өсіру жай ғана ермек емес, күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналған.


Сабина Жолдаспаева



Бөлісу

Аймақтық телеарналар