Тәжірибелі комиссиялар сайлауға дайындалуда
Құрылтай сайлауына санаулы күн қалды. Павлодар облысындағы 500-ден астам сайлау комиссиясы маңызды науқанға қызу дайындалып жатыр. Дауыс беру күні комиссия мүшелері сайлаушыларды қабылдап, барлық рәсімдердің талапқа сай өтуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ дауыс беру аяқталғаннан кейін бюллетеньдерді санап, қорытындысын шығарады. Бұл жұмысты атқаратын комиссия мүшелерінің басым бөлігінің сайлау өткізу тәжірибесі бар.
Гүлнар Аманжолова, Павлодар облысының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы
Сайлау науқанын дайындау және өткізу жұмыстарына барлығы 536 сайлау комиссиясы қатысады. Оның ішінде бір облыстық, 13 аумақтық және 522 учаскелік комиссия бар. Олардың құрамында 3 мыңнан астам адам жұмыс істейді. 620 комиссия мүшесінің 97 пайызының сайлауды ұйымдастыру және өткізу тәжірибесі бар. Бұл көрсеткіш аумақтық комиссиялардың 14 төрағасына да қатысты. Сонымен қатар аумақтық комиссия мүшелерінің 97 пайызы тәжірибелі мамандар. Учаскелік комиссия төрағаларының арасында да тәжірибесі бар азаматтардың үлесі 97 пайызды құрайды. Бұл – жоғары көрсеткіш.