"Ертіс орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватында өртті ерте анықтаудың автоматтандырылған жүйесі орнатылады. Келер жыл радиусы 30 километр болатын 23 мұнараны орнату жоспарлануда. Толығырақ алдағы сюжетте.
Бұған дейін "Ертіс орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватындағы мұнараларға бақылауды резерват мамандар жүргізіп келген. Енді жақын арада мұнда өрт ошақтарын дер кезінде анықтауға және тиісті мекемелерге жедел ақпарат беруге мүмкіндік беретін орман өрттерін ерте анықтаудың автоматтандырылған жүйесі іске қосылады. Барлығы радиусы 30 километр болатын осындай 23 мұнараны орнату жоспарлануда. Мұндай мұнаралар Бурабайда орнатылған. Мамандардың айтуынша, бұл құрылғылар арқылы орман өрті бірнеше есе азайған.
Рүстем Бұхарбаев, ЖОБА жетекшісі:
Арнайы жүйе өртті ерте анықтауға көмектеседі. Мысалы түтін пайда бола бастады делік, сонда камера оны сезеді, онда жылу пайда болады. Мұнда біз уақытты ұтамыз. Өрт болған жағдайда оны дереу сөндіру керек, сондықтан маңыздысы уақыт.
Мемлекеттік орман аумағы тәулік бойы бейнемониторингпен және тәуелсіз түтін датчиктерінің желісімен қамтылатын болады. Барлық ақпарат автоматты режимде тәулік бойы жұмыс істейтін диспетчерлік қызметке түседі. Өртті анықтаудан басқа, бұл жүйе заңсыз ағаш кесуді, сондай-ақ браконьерлікті болдырмауды бақылай алады.
Қымбат Садық, Валентина Леонова