Мемлекеттік қызметке жол
Павлодарда студенттер мен мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен ашық диалог алаңы өтті. Бүгінде облыста мыңға жуық жас маман мемлекеттік қызметте еңбек етеді. Ал биыл 40-қа жуық түлек конкурстан тыс тәртіппен қызметке орналасқан. Кездесуде осындай мүмкіндіктер мен саладағы жаңашылдықтар талқыланды.
Басқосу еркін форматта ұйымдастырылды. Қатысушылар мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі, кәсіби даму және мансаптық өсу туралы сұрақтарын қойды. Жоғары оқу орнын GPA 3,33-тен жоғары аяқтаған түлектерге мемлекеттік грант негізінде конкурстан тыс қызметке орналасу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар өтінішті электронды үкімет порталы арқылы арнайы түлектер модулінде онлайн беруге болады.
Айгүл Әлімбаева, ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің Павлодар облысы бойынша мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы
Жас мамандар мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыруға, цифрландыруды арттыруға, әкімшілік процесстерді оңтайландыруға және мемлекет пен халық арасындағы өзара байланысты жақсартуға елеулі үлес қоса алады.
Кездесуге қатысқан жас мамандар өз тәжірибелерімен бөлісті. Солардың бірі осы мүмкіндік арқылы жұмысқа орналасып, бүгінде Баянауыл ауданында мемлекеттік қызмет атқарып жүр.
Аружан Файзолла, Баянауыл аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы
Жалпы менің негізгі мамандығым тағамдық технонологиясы. Осы мамандықты бітірдім. Бірақ, қазір бағдарламасы арқылы мемлекеттік қызметке жұмысқа тұру бойынша кірген болатынмын. Жалпы жұмысым 1 жылдан асты. Ауылдық жерде болғаннан кейін бюұл бағдарлама жастарға көп мүмкіндік береді. Өйткені, мәселен өзімнің мамандығым тағамдық технология болғандықтан осы сала бойынша жұмыс аз. Аспаз болып жасауға болады немесе одан да кіші мамандық. Ал бұл бағдаралманың арқасында мен мемлекеттік қызметте өзімнің бағымды сынап көріп жатырмын.
Осындай кездесулер жастардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын арттырып, сала туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бүгінде облыста мыңға жуық жас маман мемлекеттік қызметте еңбек етеді. Ал биыл 40-қа жуық түлек конкурстан тыс тәртіппен қызметке орналасқан.
Сабина Жолдаспавеа