Аяқтан шалған алаяқтық
Екібастұз қаласының тұрғыны алдымен жалған инвестициялық компанияларға, кейін ақшасын қайтарып беруге уәде еткен алаяқтарға сеніп, 20 миллион теңгесінен айырылды. Осылайша, ер адам екі рет алаяқтардың құрбаны болған. Өңірде мұндай жағдайлар аз емес. Биыл он айда Павлодар облысында интернет-алаяқтықтың мыңнан астам дерегі тіркелген.
Биылғы он айдың қорытындысы бойынша өңірде интернет-алаяқтықтың 1337 дерегі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 31 пайызға аз. Соған қарамастан, Павлодар облысы өңірдегі киберқылмыс деңгейі жоғары аймақтардың қатарында қалып отыр.
Сүйіндік Қайырбаев, полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі
«Биыл біз алаяқтық мақсатта пайдаланылған 120 мобильді құрылғыны тәркіледік. Сондай-ақ алаяқтық әрекеттерге қолдану үшін іске қосылып, шетелдегі қылмыскерлерге берілген 500 абоненттік SIM-карта анықталды. Бұдан бөлек, дропперлерге тиесілі 39 банк картасы тәркіленді. Бұл карталар арқылы ақша қолма-қол ақшаға айналдырылып, кейін алаяқтарға беріліп отырған. Сонымен қатар екі SIM-box құрылғысы тәркіленді. Осы құрылғылар арқылы SIM-карталар іске қосылып, SIM-телефония көмегімен облыс тұрғындарына қоңырау шалынған. Жалпы, алаяқтыққа қатысы бар деген күдікпен 33 адам ұсталды. Олардың арасында алаяқтарға көмектескендер, SIM-карталар мен SIM-box құрылғыларын іске қосушылар және дропперлер бар».
Күн сайын полицияға облыстың әр аймағынан интернет-алаяқтыққа қатысты 5-тен 10-ға дейін арыз түседі. Келтірілген шығын көлемі 10 мың теңгеден 50 миллион теңгеге дейін жетеді. Мұндай қылмыстардың басты себептерінің бірі – азаматтардың киберқылмыс түрлері туралы әлі де толық хабардар болмауы.
Алаяқтардың тағы бір құрбаны – аз уақыт ішінде мол табыс тапқысы келетін азаматтар. Олар «жалған инвестиция» деп аталатын алаяқтық түріне алданып, жинаған қаражатын жоқ жобаларға салады. Мәселен, Екібастұз қаласының тұрғыны жалған инвестициялық компанияға 10 миллион теңгесін салған. Кейін ол интернеттен жалған заңгерлерді тауып, ақшасын қайтаруға көмектеседі деген уәдесіне сеніп, оларға тағы 10 миллион теңге аударған. Осылайша, тұрғын қомақты қаржысынан айырылды. Сондай-а, WhatsApp мессенджеріндегі аккаунтқа қол жеткізу және интернет-дүкендер арқылы жасалатын алаяқтықта жағдайды күрделендіре түсті.
Спикердің айтуынша, былтыр алаяқтардың қолына 3 миллиард теңге түскен. Ал биыл бұл көрсеткіш 1,5 миллиард теңгені құрап отыр. Сондай-ақ, биыл ұрланған 100 миллион теңге иелеріне қайтарылған.