Тосын түбіртек, күтпеген баға
Редакциямызға Ткачев көшесі, 5 және 5/1 мекенжайындағы үйлердің тұрғындары хабарласты. Бізге хабарласуларына жылу ақысының аяқастынан екі есеге өсіп кетуі себеп болған. Ал, жылу есептегіш құралдарының тексеру мерзімі аяқталуына байланысты олар коммерциялық есептен шығарылған. Тұрғындар мен басқарушы мекеме бұл туралы алдын ала ескерту болмағанын айтады. Біз мәселенің мән-жайын анықтап көрдік.
Алғашында тұрғындар өз көздеріне өздері сенбеді. Онлайн түбіртектерде жоғары сома көрсетілгенін көрген тұрғындар, бір қателік болған шығар деп ойлап қағаз түбіртектерді күте тұруды жөн көрген. Алайда ондағы баға да өзгермеген. Қазан айындағы тұтыну үшін кейбір тұрғындарға 30 мың теңгеден астам төлем есептелген. Осылайша 106 пәтер күтпеген мәселеге тап болады. Басқарушы компания өкілдерінің айтуынша, есептегіш құралдарын тексеру қажеттігі туралы алдын ала білмеген. Бұған дейін жылу желілері тексеру мерзімі аяқталуына бір ай қалғанда үнемі хабарлама жіберіп отырған. Ал биыл мұндай ескерту алмапты.
Евгения Шквира, «Вера-ПВ» ЖШС басқарушы компаниясының басшысы
«Жылу желілері 3 ақпанда жасалған қайта рұқсат беру актісіне сілтеме жасап отыр. Онда есептеу құралдарындағы батарейкалар ауыстырылғаннан кейін жылу тасымалдағыш қайта пайдалануға берілгені жазылған. Сол актіде 2026 жылдың шілде айында тексеру мерзімі аяқталатыны да көрсетілген. Мен тұрғындарға мұндай актілерді жылу желілері бізге жыл сайын жасап келгенін түсіндірдім. Бұған дейін олар бізді әрдайым бір ай бұрын ескертіп отыратын».
Ал «Павлодар жылу желілері» компаниясында төрт есептегіш құралдың да тексеру мерзімі шілде айында аяқталған. Бұл туралы қызмет көрсетуші ұйымға рұқсат беру актілерінде қол қойдыру арқылы хабарланған.
Лера Рослая, «Павлодар жылу желілері» ЖШС қоғаммен байланыс жөніндегі жетекші маманы
«2026 жылдың 19 шілдесінде төрт есептегіш құралдың да кезекті тексеру аралығының мерзімі аяқталды. Бұл туралы қызмет көрсетуші ұйым — «Вера-ПВ» ЖШС-не рұқсат беру актілерінде қол қойдыру арқылы алдын ала хабарланған. Қолданыстағы қағидаға сәйкес, есепке алуды қалпына келтіру және тексеру жұмыстарын жүргізу үшін бір ай уақыт беріледі. Алайда осы мерзім ішінде тексеру жүргізілмеген әрі пайдалануға рұқсат алу туралы өтінім түспеген. Сондықтан 2026 жылдың 18 тамызында есептегіш құралдары коммерциялық есептен шығарылды. Осыған байланысты қыркүйек және қазан айларындағы төлемдер тұтыну нормативтері бойынша, есептегіш құралдары жоқ үйлерге арналған тарифпен есептелді».
Алайда басқарушы компания өкілдері мұндай түсіндірмемен келіспейді. Бұрын есептегіш құралдарының тексеру мерзімі аяқталатыны туралы бөлек хабарламалар үнемі жіберіліп отырған. Тұрғындар мәселенің бар екенін тек төлем түбіртектерін алғаннан кейін ғана білген.
Евгения Шквира, «Вера-ПВ» ЖШС басқарушы компаниясының басшысы:
«Мен «Жылу желілері» компаниясының басшысы Анатолий Иванович Моисейге жүгінгенімде, ол: «Евгения, біз мұндай хабарламаларды жібермейміз“, — деді. Мен одан: „Онда хабарлама жібермейтіндеріңізді неге бізге алдын ала ескертпедіңіздер?“ — деп сұрадым. Менің түсінуімше, хабарламалар кейде таңдап жіберіледі, бірақ қалай болғанда да келіп тұрады. Өткен жылы тіпті 26 қарашаға дейін батарейкаларды ауыстыру туралы хабарламалар алып отырдым. Ал тексеру мерзімі аяқталатыны жөнінде бір ай бұрын ескертетін».
Төлемнің күрт өсуі алдымен тұрғындарға қиындық туғызған. Көпшілігі мұндай соманы отбасылық бюджет көтере алмайтынын айтады.
Алма Жұмабекова, тұрғын
«Бұл үйде тұрып жатқаныма 15 жыл болды. Соңғы бір жылда коммуналдық қызметтердің бағасы қатты өсті. Әсіресе осы айда жылу ақысы шарықтап кетті. Қазан айы үшін келген соңғы түбіртектегі соманы көріп, тек мен ғана емес, басқалар да таңғалды. Неге бұлай болғанын анықтау керек қой. Зейнеткермін, мұндай ақшаны төлеу маған қиын».
Мейірбек Байғалиев, тұрғын
«Есептегіш құралдарының көрсеткіштері тұтыну нормативі бойынша есептеле бастады. Ал норматив бойынша есептеу дегеніміз — ең жоғары мөлшермен төлеу. Негізінде нақты көрсеткіштер бойынша есептелуі керек еді. Біз „Павлодарэнергоға“ барған кезде, есептеулер базада норматив бойынша жүргізіліп жатқанын ауызша айтты. „Вера-ПВ“ ЖШС-не хабарласқанымызда, олар сертификаттардың кеш жіберілгенін айтты.
Жалпы, үлкен түсініспеушілік туындады. Біз басқарушы компанияның үстінен ұжымдық шағым жазуға мәжбүр болдық. Тіпті ПИК те бізге қызмет көрсетуден бас тартып отыр. Бұған дейін мұндай мәселелермен үнемі айналысатын. Өйткені тұрғындардың көбі бұл мәселелердің қыр-сырын түсіне бермейді».
Редакциямыздың ресми сауалына жауап берген жылу желілері кәсіпорны жеке хабарлама жіберуге міндетті емес екенін мәлімдеді. Жауапта: «Кәсіпорын хабарлама жібермейді. Бізге мұндай міндет жүктелмеген», — делінген.
Тұрғындар төлем нақты есептегіш көрсеткіштері бойынша жүргізілуі керек, тұтыну нормативі бойынша есептеу дұрыс емес деп санайды. Олар осы мәселеге қатысты ұжымдық шағым түсіріп үлгерген. Басқарушы компания да монополияға қарсы департаментке өтініш жолдауды жоспарлап отыр. Тұрғындар әкімдіктен жағдайға араласуды сұрайды.
Жанасыл Серікбол