Облыста көлік инфрақұрылымын дамыту шаралары күшейеді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы долдауында көлік-логистика саласын жаңғырту әсіресе солтүстік өңірлердің көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар нақты міндеттер айтылды. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды қорытындылап, алдағы жылға бағыт бағдар қою мақсатында өңірге Қазақстан Республикасы Көлік Вице министрі келді.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында Қазақстанды Еуразиядағы жетекші көлік логистикалық орталыққа айналдыру міндетін қойды. Бұл үшін Қазақстан арқылы өтетін жүктердің көлемін арттырып, оларды тасуға қолайлы жағдай жасау маңызды. Осы бағытта қазір бірқатар маңызды жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қазіргі таңда еліміз бойынша 37 көлік өткізу пунктінде жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарды 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Вице-министрдің айтуынша, аталған шаралар шекарадан өту уақытын қысқартуға және өткізу пункттерінің жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жәнібек Тайжанов, ҚР көлік вице-министрі
Облыста мемлекеттік шекара инфрақұрылымын дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта Қосақ, Үрлітөбе және Шарбақты автомобиль өткізу пункттерінде жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Қосақ өткізу пунктінде құрылыс жұмыстарының 85 пайызы аяқталған. Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғасуда. Ал Үрлітөбе мен Шарбақты бекеттерінде негізгі ғимараттардың құрылысы аяқталып, инженерлік желілерді тарту жұмыстары жүргізілуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында еліміз бойынша 124 теміржол вокзалын қайта жаңғырту жобасы қолға алынған. Осы бағдарлама шеңберінде Павлодар облысындағы 1950–1988 жылдар аралығында салынған бес теміржол вокзалы жаңғырту тізіміне енгізілді. Биыл Бозшакөл, Қарасор, Шідерті, Қалқаман және Ақсу-2 станцияларының вокзал ғимараттарында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар вице-министр жаңартылған әуежай ұшу-қону жолақтарына да тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Сонымен қатар алдағы үш жылда әуежайлардың жолаушылар терминалдары мен ұшу-қону жолақтарын жаңарту көзделіп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар көлік инфрақұрылымын дамытуға және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған. Вице-министрмен өткен кездесу барысында жолдардың сапасы, саланы цифрландыру және Ақшиман–Лекер бағытындағы жол құрылысына қатысты бірқатар маңызды мәселелер көтерілді.
Самал Қалиқызы