Павлодар облысында шыбын-шіркейді әуеден улау жұмыстары басталды. Бұған АН маркалы 5 ұшақ қолданылатын болады. Олар бір ұшып өткенде 384 гектар жерді өңдеуге қауқарлы. Биыл жалпы аумағы 127 мың гектар жер әуеден өңделмек. Жұмыс барысымен облыс әкімі Асайын Байханов танысты.

Биыл 127 мың гектар жер әуеден өңделетін болады. Бұған Май, Ақтоғай, Ертіс, Тереңкөл, Железинка, Аққулы, Павлодар ауданы мен Ақсу қаласы және облыс орталығы кіреді. Осы жылы өңдеу жұмыстарының аумағы 2 жарым есеге ұлғайтылған. Павлодар мен Ертіс аудандарында алғаш рет өзен жайылмасын әуеден улау жұмыстары жасалынбақ. Атамекен, Кенжекөл, Новочерноярка ауылдарында ұшақтарға арналған аэродром қарастырылған.

Шыбын-шіркейді улау жұмыстары 3 кезең бойынша жүргізіледі. Оның алғашқысы осы әуеден өңдеу. Одан кейін ауылдық аймақтар мен қалаларға әдеттегі дезинсекциялық жұмыстар жасалады.

Биыл Ертіс өзенінің жағалауында орналасқан 59 елді-мекен шыбын-шіркейге қарсы өңдеу жұмыстарынан өткізіледі. Биыл бұл мақсат 3 млрд теңге бөлінген.

Самал Қалиқызы