Марғұлан Университетінде студенттердің технологиялық бағыттағы идеяларын сынайтын дәстүрлі «ХАКАТОН- 24» конкурсы өтті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген студенттер заманауи мәселелерді шешуге көмектесетін веб-сайттар және мобильді қосымшалар жасады. Ал үздік атанған жоба иелері миллион теңгеге ие болды.

Сайысқа барлығы 70 команда қатысып, өз жобасын ұсынды. Еліміздің 26 оқу орнынан 200-ден астам студент жиналды. Хакатон онлайн және офлайн форматта өтті. Екі іріктеу кезеңнің қорытындысы бойынша,13 жоба финалға жолдама алды.

ДАРИЯ ӘБІКЕНОВА, «KUICKHACK’24» МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҚАУЫМДАСТЫРЫЛҒАН ПРОФЕССОРЫ,

Хакатондағы тапсырмалар негізінен жасанды интеллект көмегімен бағдарламалар әзірлеуге байланысты болды. Жалпы, биыл біз жасанды интеллекет технологияларына ерекше назар аудардық. Студенттерге мәтіндер мен құжаттардың түпнұсқалылығын анықтау, әлеуметтік желілердегі қажетсіз мазмұнды контентті іріктеу және оларды блоктау, қаржылық көмекші мен логистика бойынша тапсырмалар берілді. Қатысушылар арасында ең танымал жоба тақырыбы әлеуметтік желілердегі қажетсіз контентті іріктеу және блоктау болды

Ақтық кезеңге облыс намысын екі команда қорғады. Олардың бірі әлеуметтік желілерде модерация алгоритмін құрды, ал екіншісі жүргізушілер мен олардың қозғалысын қадағалауға арналған қосымша әзірледі. Ақпараттық технологиялар колледжі ұсынған жоба үшінші орынды иеленіп, команда 200 мың теңгеге ие болды. Екінші орын қарағандылық командаға бұйырды, оларға 500 мың теңге табысталды. Ал елордалық студенттер жеңімпаз атанып, жоба үшін 1 миллион теңге ұтып алды.

Жұлдыз Қабылденова, Ермек Сапаров