Бүгін Чернобыль апатының орын алғанына – 38 жыл. Осыған орай, жарылыс салдарын жоюға қатысқан азаматтарды еске алу шарасы өтті. Қаза тапқан ардагерлердің рухына тағзым етіліп, гүл шоқтары қойылды.

Осыдан тура 38 жыл бұрын адамзат тарихындағы ең ірі техногендік апаттардың бірі болды. Бұл зобалаңның зардаптарын жою үшін 700 000-ға жуық адам жұмылдырылған. Елімізден 32 мың азамат жіберілген. Олардың ерлігін халық құрмет тұтады.

Апат болған аймаққа Павлодар облысынан 1000-нан аса адам жолданған. Қазіргі таңда 240-ының көзі тірі. Олар қаза тапқан жолдастарын еске алуға жиналды. Ардагерлердің бірі – Мейрамбек Жұмаділов те шараға қатысты.

МЕЙРАМБЕК ЖҰМАДІЛОВ, ЧЕРНОБЫЛЬ АПАТЫН ЖОЮҒА ҚАТЫСУШЫ

Біздің барған балалардың ішінен аз қалды адамдар. Өйткені көбі әртүрлі жұмыстарды істеді ғой, қай жерге қояды, сол жерде жұмыс істедік. Біздің адамдар өздерін белсенді көрсете білді. Біздің Қазақстаннан барған ардагерлер барлығы осы күнге шейін бірге қатынасып жатамыз. Енді елімізде осындай жағдайлар болмасын деп ойлаймын. Еліміз-жұртымыз аман болсын.

Алапат салдарын жоюға қатысқандардың арқасында апат жойылды, ал зардабы әлі күнге дейін бар. Ардагерлердің басым бөлігінің денсаулығы нашар. Ерен еңбегін көрсетіп, денсаулығынан адамдық борышын жоғары қойған жандардың барлығының арманы – енді әлемде ондай апат болмаса екен дейді.

Жұлдыз Қабылденова