Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың міндеті. Елімізде жалпыұлттық экологиялық акция өтуде. Оған Успен ауданы бір адамдай үлес қосып, белсенділік танытты. Толығырақ алдағы материалда.

Успен ауданында ортанының шырайын шұғылалы ету мақсатында көріктендіру, көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу жүйелі түрде атқарылып келеді. Мәселен, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы барысында аудан орталығына ағаштар отырғызылды. Оған ардагерлер, мәслихат депутаттары, мекеме қызметкерлері, оқушылар мен тұрғындар атсалып, аудан тазалығын одан әрі көркейтуге жұмылды.

ЖАСТАЛАП БАРАИСОВ, УСПЕН АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ

Ауданымызда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жұртшылық жаппай сенбілікке қатысуда. Аудан тұрғындарының белсенділігі өте жоғары, сондықтан депутат корпусының атынан көптен-көп рахмет айтамын. Алғысымызды білдіреміз

Іс-шарада аудан әкімі де тал егіп, көшелерді аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныс болды. «Болашақ ұрпаққа таза табиғат әлемін қалдырамыз десек, әркім өз ісіне салғырт қарамасын»,- дейді аудан ардагерлері.

АЛЕКСАНДР ВИ, УСПЕН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Егер қоғам белсенділері, оның ішінде ардагерлер осындай шараға қатысып, халықтың назарын аудара алсақ, қатарымыз арта түседі. Аудан тұрғындары тек жеке аумақтың тазалығына жауапты болмай, ауданымызға да үлес қосуы керек. Оның нәтижесінде ауданымыз әдемі, таза, көрікті мекенге айналады. Ол тұрғындар мен келуші қонақтарға да ұнары сөзсіз. Сондықтан біз мұндай акцияларды қолдаймыз, қатысуға әрқашан дайынбыз. Барша тұрғындарды осындай шарада белсенді болуға шақырамын, ауданымызды бірге көркейтейік

ҚЫМБАТ САДЫҚ, ТІЛШІ

Сондай-ақ, аудан орталығында мектептің биылғы жылғы түлектері де аталмыш іс-шараға өз үлестерін қосты. Олар жасыл желектердің болашақта діні қатты, бұтағы мол биік бәйтерекке айналатынына мол сенім білдіреді

ЕРАСЫЛ ЖҰМАШ, АБАЙ МЕКТЕБІНІҢ 11-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ

Қазақта «бір тал кессең, он тал ек» деген жолмен жүріп келеміз. Бұл сәт есімізде мәңгілікке қалмақ. Біз түлектер мектеп маңына 23 көшет егіп отырмыз, келесі жылғы да түлектерге сәттілік тілейміз. Осы акцияға барша қазақстандықтардың үлес қосуын сұраймын

Айта кетейік, экологиялық акция барысында ауданда 1500 көшет отырғызылды. Сондай-ақ, жолдарға жөндеу жұмыстары да басталып кетті. Оның негізінде жол белгілері жаңартылады.

ВИКТОР НИГРЕЕВ, УСПЕН АУДАНЫНЫҢ ІШКІ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ

Аудан орталығында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы өтуде. Осы «Жасыл аймақ» апталығы барысында 1500 көшеттер отырғызылды. Сонымен қатар жол белгілерін жаңарту, ауыстыру, жол шұңқырларын да жөндеу басталды. Және бекітілген тиісті аумақтарды жинау, күл-қоқысты шығару жұмыстары да атқарылды

Осылайша, Успен ауданы игілікті істе белсенділік танытты. Өлке көркі үшін қолға алынған қадамдар көпшіліктің көңілін жадырата түсері анық.

Қымбат Садық