Солтүстік Қазақстан облысына көмекке аттанған құтқарушылар Павлодарға жетті. Бірнеше апта бойы тынымсыз жұмыс атқарып, жағдай тұрақталған соң оралды. Толығырақ тілшіміз баяндайды.

Бейбіт күннің батырларын Төтенше жағдайлар департаментінің гарнизоны салтанатты түрде қарсы алды. Олар 19 күн бойы Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындарға көмек көрсетіп қайтты.

РЕНАТ ВАЛИШАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ КАДР ЖӘНЕ ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ

Біз бүгін батырларымызды қарсы алдық. Болашақта елімізіде мұндай жағдай қайталанбаса екен деп тілейміз. Себебі, Павлодар облысы да су тасқынынан алғашқылардың бірі болып зардап шекті. Облысымызда жағдай тұрақталғанша, жұмыс істеп, министрлік шешімінен мамандарымыз Солтүстік қазақстан облысына аттанған. Құтқару шараларына 19 бірлік техника, жеке құрамнан 55 адам қатысты. Барлығы міндеттерін абыроймен орындады. Біз үшін олар – нағыз батырлар. Бүгін оларды қуанышпен қарсы алдық. Еңбектері бағаланып, тиісті марапаттарына ие болады

Қызметкерлер 12 елді мекенде жұмыс істеп, халықты эвакуациялады. Сондай-ақ суды сорып, шығару, жануарларды құтқару сияқты жұмыстармен айналысты.

ҚАЙРАТ БЕКСЕЙІТОВ, №3 ӨРТ СӨНДІРУ БЕКЕТІНІҢ ҚАРАУЫЛ БАСТЫҒЫ

Су басқан өңірлерге бізді 7 сәуір күні жіберді. Солтүстік Қазақстан облысына келген алғашқы күндері қаптарды инертті материалмен толтырумен айналыстық. Кейін бөгет құрылысына қатысып, оларды нығайттық. Тұрғындарды су басу туралы ақпараттандырып оларды эвакуациялауға көмектестік. Су кете бастағанда азаматтардың жеке заттарын, үй жануарларын шығаруға қолғабыс еттік.

Құтқарушылар өз міндеттерін сәтті орындап, нәтижелі жұмыстың арқасында қазір Солтүстік Қазақстан облысында жағдай тұрақталды. Ал халық игілігі үшін атқарған қүрделі жұмыс үшін мамандар үлкен марапат – ел алғысына ие болды.

Жұлдыз Қабылденова