6679 әскери бөлімінде "Ашық есік күні" шарасы өтті. Оған Павлодар қаласының №2 жалпы орта білім беру мектеп оқушылары және Ақпараттық технологиялар колледжінің студенттері қатысты. Оқушылар мен студенттерге әскери бөлімнің тарихы мен жауынгерлік жолы туралы айтылды.

Келушілерге АК-74 сияқты өзге де қару-жарақтардың түрлері көрсетілді. Әскери қызметшілердің киім үлгілерімен таныстырылды. Әскери көліктер мен техникалар да көрсетіп, қандай жағдайда қандай көлікті қолдану керегі жөнінде айтылды. Сондай - ақ шара барысында әскери бөлімнің клубында Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан басқолбасшылығының кадр және әскери білім басқармасының бастығы генерал-майор Нұрбол Сабденбекұлы Миртаев оқушылар мен студенттермен Ұлттық ұлан Академиясына оқуға түсу туралы үгіт-насихат жүргізді. Іс-шара соңында оқушылар мен студенттер әскери бөлім басшысына ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтты.