Биыл Павлодар облысының қалалары мен елді мекендерінде ауызсумен қамтамасыз ету үшін 18 жоба жүзеге асырылады. Оның 12-сі қалада болса, қалғаны алтауы ауылға тартылады. Толығырақ келесі бейнематериалда.

Жыл басындағы мәліметке сәйкес, өңір халқының 99,1%-ы орталықтандырылған таза ауыз суға қол жеткізіп отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу жоспарланған.

Ержан Иманзаипов, Павлодар облысы энергетика және ТКШ басқармасының басшысы

«Биыл жалпы құны 9,1 млрд теңге болатын 18 жобаны іске асырып жатырмыз. Оның ішінде 12 жоба қалаларда, 6 жоба ауылдық елді мекендерде жүзеге асырылады. Алдағы уақытта сумен толық қамтамасыз етілгеннен кейін, жабдықтау жүйелерін жаңғырту жұмысын қолға аламыз. Кейбір елді мекендерде блок-модульді станциялар орнатылған, бірақ орталық су жүйесі жоқ. Халқы 200 адамнан асатын ауылдарға орталықтандырылған су жүйесін тарту жоспарда бар. Сонымен қатар 90-жылдары салынған ескі желілер де бар. Соларды жаңарту керек. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады».

Қолданыстағы сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту бойынша 9 жоба дайындалған. Оларды қаржыландыру үшін Индустрия және құрылыс министрлігіне республикалық бюджеттен қаражат бөлуге өтінім жолданды.

Ержан Иманзаипов, Павлодар облысы энергетика және ТКШ басқармасының басшысы

«Кейбір аймақтарда судың құрамы өзгеріп отырады.Сондықтан сүзгілер мен жабдықтарды жаңарту қажет болады. Жыл бойы тұрғындарды сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету бағытында жұмыс жалғасады. Сонымен қатар салынған желілерді дұрыс пайдалану – маңызды мәселе. Мысалы, сүзгілер мен сорғыларды судың құрамына сай ауыстырып тұру керек. Белгілі бір уақыт өткен соң, сүзгілер тозады. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі».

Қалалар бойынша қолға алынған 12 жобаның алтауы облыс орталығы – Павлодар қаласында жүзеге асырылады.

Ержан Иманзаипов, Павлодар облысы энергетика және ткш басқармасының басшысы

«Биыл бес жаңа жоба және Назарбаев даңғылы бойындағы магистралды су құбырын санациялау жобасы бар. Бұл – Қаирбаев көшесінен Толстой көшесіне дейінгі аралық. Санация әдісі арқылы асфальтты қазбай-ақ, тек құдықтар мен тозған сақиналар ауыстырылатын жерлерді ғана ашу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ Астана көшесі, МДС аудандарына орталық су жүйесін тарту қарастырылған. Республикалық бюджеттен қаржы жуырда бөлінді. Конкурс өткізілді, мердігер анықталды. Құрылысқа рұқсат қағазын алған соң, жұмыстарды бастайды.

Ауылдық жерлерде 6 жоба қарастырылған. Оның үшеуі Баянауыл ауданының Шоманкөл, Шонай және Аймаутов ауылдарында жүзеге асырылады. Ал қалған үшеуі – Железин, Аққулы және Тереңкөл аудандарында орындалады.

Әйгерім Тоқпанқызы