Негізгі Жаңалықтар Осы жылдың алғашқы үшемдері дүниеге келді

Осы жылдың алғашқы үшемдері дүниеге келді

Павлодарда биылғы жылдың алғашқы үшемдері дүниеге келді. Сәбилер «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында жасалған экстракорпоралды ұрықтандыру нәтижесінде өмірге келген.Осыған орай Облыс әкімінің орынбасары да жас ананы құттықтап, сәбилердің аман-есен өсіп, елдің абыройлы азаматтары болуына тілек білдірді.


Үшемдердің анасы – 33 жастағы Мәдина Казенова. Отбасында бұған дейін бір қыз тәрбиеленіп өсіп келеді. Үшемдерге Алан, Аят және Иса есімдері берілген.

Мәдина Казенова, үшемдердің анасы

Менің 12 жаста қызым бар. Ол дүниеге келгеннен кейін ұзақ уақыт жүктілікті жоспарлаған жоқпыз. Кейін қызымыз есейген соң тағы бір бала сүйгіміз келді. Сөйтіп, мемлекеттік бағдарлама аясында тегін экстракорпоралды ұрықтандырудан өттік. Алғашқы әрекеттен-ақ нәтиже сәтті болды. Кейін ұрықтың жүрек соғысын тексеруге барған кезде үшем күтіп жүргенімді білдім. Іштей егіз болады деп сезген едім. Дәрігер экранды көрсеткенде: «Бұл әзіл емес пе?» деп таңғалдым. Сонда дәрігер бәрін көрсетіп, расында үш сәби екенін айтты.

Қазір анасы екі сәбиімен бірге үйіне шығарылды. Ал салмағы аз үшінші нәресте дәрігерлердің тұрақты бақылауында қалып, қажетті емін қабылдап жатыр. 

Жаңылай Қапанова, Павлодар облыстық №1 перинаталдық орталығы неонаталогия қызметінің жетекшісі

Сәбилер сәл шала туғанымен, жүктілік мерзімі толық мерзімге өте жақын болды. Екі нәрестенің салмағы 2,5 келіден асты, ал үшіншісі 1 келі 400 грамм болып дүниеге келді. Қазіргі уақытта барлық сәбидің жағдайы тұрақты. Екеуі анасымен бірге болса, салмағы төмен нәресте жансақтау бөліміндегі жоғары бақылау палатасында ем қабылдап жатыр.Эмбриондарды жатыр қуысына орналастырғаннан кейін олардың бірі бөлінді. Шамамен бір жарым аптадан соң екінші эмбрион да бөлінді. Яғни ұрықтану бір мезгілде болғанымен, үшінші эмбрионның дамуы сәл кейінірек басталған. Сондықтан оның салмағы өзгелерге қарағанда төменірек.Бұл – біз үшін өте сирек әрі ерекше жағдай. Мұндаймен алғаш рет кездесіп отырмыз. Ең бастысы – сәбилердің жағдайы жақсы, өмірге аман-есен келді.Біздің орталықта жыл сайын шамамен 40–45 егіз дүниеге келеді. Ал үшемдердің тууы, әдетте, бір немесе екі жылда бір рет қана кездеседі.

Жалпы, Павлодар облысында егіздердің дүниеге келуі жиі кездескенімен, үшемдердің тууы сирек тіркеледі. Биыл жеті айдың қорытындысы бойынша өңірде 4 мың 250 сәби өмірге келген. Оның ішінде 33 егіз және бір үшем бар.

Дильназ Қуанышбекқызы 



Бөлісу