Әр тамшы су – бақылауда
Кейбір шаруа суды келісімшарт арқылы заңды түрде алса, басқалары оны рұқсатсыз пайдалануға тырысуда. Павлодар облысында осындай жағдайдың алдын алу үшін тиісті шаралар күшейтілді. Мамандар қандай заңбұзушылықтарды анықтап жатыр және егістіктерді суаруға су қоры жете ме? Бұл туралы тілшіміз баяндайды.
Биыл өңірдегі ауыл шаруашылығы алқаптарын суаруға 160 миллион куб метр су бөлінді. Қазірдің өзінде фермерлер мұның жартысынан көбін пайдаланып үлгерді. Мамандардың айтуынша, биыл болжам бойынша судың аз болуы ықтимал. Дегенмен маусым соңына дейін алқаптарды сумен толық қамтамасыз етуге су қоймаларындағы қор жеткілікті.
Елеусіз Қамбаров, су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті Ертіс бассейндік су инспекциясы басшысының орынбасары
«Инспекция гидрологиялық жағдайды, судың келу болжамдарын және ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қажеттіліктерін ескере отырып су қоймаларының жұмыс режимдерін реттейді. Бұл тәсіл су беру үрдісін тұрақты ұстауға және кез келген өзгеріс кезінде лезде шешім табуға жол ашады. Алдағы уақытта судың азаюы ықтимал екенін ескерсек, ендігі басты міндет – суды үнемдейтін технологияларды жаппай қолданысқа енгізу.»
Қазір Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың Павлодар пайдалану басқармасы 40 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісін суармалы сумен қамтамасыз етіп отыр. Суарылатын жердің жалпы аумағы 17 мың гектардан асады. Су келісімшарттар негізінде беріледі, ал оның шығыны арнайы есептеу құралдары арқылы бақыланады.
Владимир Егер, «Қаныш Сәтбаев атындағы арна» филиалы Павлодар пайдалану басқармасының бастығы
«17 384,156 гектар жалпы суарылатын алқап үшін вегетация кезеңіне жоспарланған су көлемі 50,2 миллион текше метрді құрайды.
Шаруалар бұл жерлерге негізінен картоп, бидай мен арпа сияқты жаздық дәнді дақылдар, малға арналған сүрлемдік жүгері, көпжылдық шөптер, күнбағыс және көкөніс түрлерін егеді. Суарылатын жерлерде өсірілетін негізгі ауыл шаруашылығы дақылдары – картоп, жаздық дәнді дақылдар, сүрлемге арналған жүгері, көпжылдық шөптер, күнбағыс және көкөніс дақылдары. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша, шын мәнінде пайдаланылған су көлемі 11,2 миллион текше метрді құрады.»
Ауыл шаруашылығы алқаптарына су беру үшін заманауи суару технологиялары қолданылады. Суды жеткізу жабық суару желілері мен темірбетон науалар арқылы жүзеге асырылады, бұл суды тасымалдау кезіндегі шығынды мейлінше азайтуға мүмкіндік береді.
Серік Мұстафин, «Қазсушар» РМК Павлодар облысы бойынша филиалы пайдалану бөлімінің бастығының М.А.
«Сонымен қатар, ағымдағы жылы мемлекеттік бағдарлама аясында «Ертіс-Успенка» каналының құрылысы аяқталады деп күтілуде. Қазір ол жерде сорғы станциясы салынып, сағатына 36 текше метр су айдайтын 6 сорғы қондырғысы мен қозғалтқышы орнатылды. Осының арқасында шамамен 17 мың гектар тұрақты суарылатын жерді пайдалануға және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне су беруге мүмкіндік болады.»
Сонымен қатар, мамандар суды заңсыз пайдалануға қарсы белсенді күрес жүргізіп жатыр. Жыл басынан бері олар полиция және прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп рейдтер ұйымдастырды. Нәтижесінде 9 құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 53 су пайдаланушыға қатысты материалдар қарастырылды.
Елеусіз Қамбаров, су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті Ертіс бассейндік су инспекциясы басшысының орынбасары
«Бір айдың ішінде шамамен екі су пайдаланушыны анықтадық. Олардың рұқсат етуші құжаттарсыз пайдаланғаны белгілі болды. 2025 жылы су алуға және жинауға арналған тиісті рұқсат қағаздарының жоқтығы үшін 7 субъектіні жауапкершілікке тартқанбыз. Құқықбұзушы өз кінәсін мойындады, біз істі қысқартылған тәртіппен рәсімдедік. Яғни, оған екі жүз мың теңгеден аса айыппұл салынды. Ол айыппұлды төлеп, кінәсін толық мойындады.»
Жауапты сала мамандары суару маусымының қалыпты жағдайда, еш кедергісіз өтетініне сенімді. Олар алдағы уақытта да судың бөлінуін қатаң қадағалап, есебін жүргізіп, заңсыз су пайдалану деректерін анықтау мақсатында рейдтерді жалғастырады.
Жұлдыз Қабылденова