Теміржол көлігі қызметкерлері күні
Екібастұзда аталып өткен теміржолшылар күні мыңдаған адамның басын қосты. Бұл мереке қаланың ауқымды игі дәстүріне айналып үлгерді. Кеште саланың үздік мамандары марапатқа ие болып, еңбек әулеттері құрметке бөленді. Ал тұрғындар мен қала қонақтары қазақстандық және шетелдік жұлдыздардың концертін тамашалады.
Екібастұздағы теміржолшылар күні жыл сайын мыңдаған қала тұрғыны мен қонағының басын қосады. Биыл бұл мереке жаңа рекорд орнатты —ұйымдастырушылардың мәліметінше, орталық алаңға жүз мыңнан астам адам жиналған. Концертке Павлодар, Астана, Қарағанды, Семей, Өскемен және Қазақстанның басқа қалаларынан да арнайы қонақтар келді. Ал мерекенің басты кейіпкерлері — өз еңбегімен теміржолдың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп жүрген жандар.
Дәстүр бойынша салтанатты іс-шара отандық теміржол машина жасау саласының дамуына үлес қосып жүрген мамандарды марапаттаудан басталды. Холдинг басшылығы қызметкерлерге көпжылдық адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және саланың өркендеуіне қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Сергей Павлингер, холдингтің бас директоры
«Мемлекет жүргізіп жатқан саясаттың арқасында біз Екібастұзды жан-жақты индустриялық орталық ретінде дамытудың жаңа бағытын қалыптастыра алдық. Бүгін теміржол холдингіне 1 триллион теңгеден астам инвестиция құйылып, компанияда 8 мыңнан астам адам еңбек етіп жатыр. Оның үстіне, қызметкерлердің орташа жасы — 32-де. 2025 жылғы айналым 650 миллиард теңгеден асты. Біз теміржол өнімінің 137 түрін шығарамыз және оның негізгі бөлігін сыртқы нарыққа экспорттаймыз.»
Ұрпақтар сабақтастығына да ерекше назар аударылды. Жалпы еңбек өтілі бірнеше онжылдықты қамтитын еңбек әулеттеріне арнайы «RWS KZ күміс жұлдызы» құрметті марапаты табысталды. Сондай-ақ компанияда он жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан қызметкерлер ұзақ жылғы адал еңбегі үшін марапатталды.
Әлішер Хатамов, автоматты желілер мен агрегаттық станоктарды реттеуші
«Кәсіпорында 12 жыл жұмыс істеймін. Бесінші дәрежелі автоматты желілер мен агрегаттық станоктарды реттеушімін. Жұмыс орнымды мақтан етемін. Бәрі жыл сайын жақсарып келеді. Інім де менімен бірге жұмыс істейді.»
Кештің көркін ауқымды концерттік бағдарлама қыздырды. Сахнаға алдымен «Ирина Кайратовна» тобы шығып, өздерінің ең танымал туындылары мен Екібастұз туралы ән шырқады.
Концертті «Руки Вверх» тобы жалғастырды. Мыңдаған көрермен хит әндерді бірге шырқап, қаланың орталық алаңын би алаңына айналдырды.
Мереке әсем отшашумен аяқталды. Қаладағы ең ауқымды іс-шаралардың бірі осылай түйіндеді.
Жұлдыз Қабылденова