Ертіс-Баян өңірі блогерлер назарында
Павлодар өңірінің табиғаты мен тарихи орындарын кеңінен таныту мақсатында бұл жолы өңірге еліміздің әр өңірінен тревел-блогерлер келді. Үш күндік ақпараттық тур барысында олар Баянауыл мен Шарбақты аудандарының көрікті жерлерін аралап, өңірдің туристік әлеуетімен танысты. Сапардан алған әсерлері мен ерекше сәттері туралы келесі сюжетте.
Ақпараттық тур Баянауылдағы Мәшһүр Жүсіп кесенесінен басталды. Қонақтар қазақтың көрнекті ақыны әрі ойшылының өмірі мен шығармашылығы жайлы тың мәлімет алып, музейдегі тарихи жәдігерлерді тамашалады. Кейін саяхатшылар табиғаттың ерекше туындысы саналатын Кемпіртасқа барып, аңызға айналған жартас туралы қызықты деректермен танысты. Бағдарлама жаңа визит-орталығында жалғасты. Мұнда қонақтарға өңірдің туристік мүмкіндіктері заманауи технологиялар арқылы таныстырылып, жасанды интеллект негізіндегі 3D-голограммалар көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Бағдарлама аясында блогерлер «Үздік туристік ауыл» атанған Торайғыр ауылына да барды. Қатысушылар табиғаты ерекше өңірді аралап, жергілікті жердің сирек кездесетін өсімдіктерімен танысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ақпараттық турлар өңірдің туристік әлеуетін кеңінен насихаттап, Павлодар облысына келушілер санын арттыруға мүмкіндік береді.
Сапар барысында қатысушылар Сұлтанмахмұт Торайғыровтың кесенесіне де ат басын бұрды. Бұл жерде ақынның өмір жолы мен әдеби мұрасы туралы айтылып, оның туған өлкесінің тарихымен танысуға мүмкіндік жасалды.
Ақпараттық тур Шарбақты ауданында жалғасты. Қонақтар бұрынғы мектеп ғимаратынан ашылған қонақ үйді аралап, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ мұнда орналасқан шағын музейдегі тұрмыстық бұйымдар мен көне жәдігерлерді көріп, өткен кезеңнің атмосферасын сезінді.
Саяхатшылар табиғат аясында серуендеп, өңірдің көркем көріністерін тамашалады. Ал үш күндік ақпараттық тур Маралды көлінің жағасында қорытындыланды. Осындай таныстыру сапарлары арқылы Павлодар өңірінің туристік бағыттары кеңінен насихатталып, оған қызығушылық жыл сайын артып келеді.
Сабина Жолдаспаева