Негізгі Жаңалықтар Зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің нәтижесі қандай?

Зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің нәтижесі қандай?

Өңірімізде отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, полицияға жүгінетіндердің саны азайғанымен, заң бұзушыларға қатысты қабылданатын шаралар күшейген. 


Жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында заң бұзған 3312 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқық бұзушыларға қатысты 2880 қорғау нұсқамасы шығарылып, полицияның ұсынысымен соттар 852 адамға ерекше талаптар белгіледі. Оның ішінде 842 азаматқа алкогольдік ішімдік ішуге тыйым салынды. Бұл талаптардың орындалуы тұрақты бақылауда.

Индира Жүсіпова, Павлодар облысы ПД тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің аға инспекторы

Биыл тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты полицияға түсетін шақыртулар саны өткен жылмен салыстырғанда 10–20 пайызға азайды. Дегенмен, қабылданған шаралардың тиімділігі артты. Егер былтыр «102» нөміріне 4500-ден астам хабарлама түссе, биыл бұл көрсеткіш төмендеген. Соған қарамастан әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар саны шамамен 20 пайызға өсті. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер үшін 3 мыңнан астам азамат жауапқа тартылды. Бұл тұрғындардың, әсіресе әйелдердің, зорлық-зомбылыққа төзбей, дер кезінде полицияға жүгінетінін көрсетеді.

Зорлық-зомбылықтың қайталануына жол бермеу үшін құқық бұзушылармен де профилактикалық жұмыс күшейтілді. Сот шешімімен 244 адамға психологиялық көмек алу міндеттелсе, олардың 226-сы арнайы бағдарламадан өтіп жатыр. Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар адамның мінез-құлқын түзетуге және отбасындағы жанжалдың алдын алуға мүмкіндік береді. 

Индира Жүсіпова, Павлодар облысы ПД тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің аға инспекторы

Криминогендік ахуалды бағалау кезінде қылмыстық заңнамадағы өзгерістер де ескеріледі. Соның бірі сталкинг үшін жауапкершіліктің енгізілуі. Жыл басынан бері осындай 8 дерек тіркелді. Бұл отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстар статистикасына әсер етті. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жекелеген ауыр қылмыстар әлі де кездеседі. Талдау нәтижесі мұндай оқиғалардың басым бөлігі алкогольдік ішімдік ішу, тұрмыстық жанжал, қызғаныш пен отбасы ішіндегі келіспеушіліктерден туындайтынын көрсетті. Әрбір дерек бойынша заң талаптарына сәйкес процессуалдық шаралар жүргізіледі.

Полицейлер тұрғындарды тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілеріне бейжай қарамауға шақырады. Себебі құқық қорғау органдарына уақытында хабарланған әрбір оқиға ауыр зардаптың алдын алуға мүмкіндік береді.


Сабина Жолдаспаева 





Бөлісу