Болашақ IT мамандарына жаңа жүйе қосылды
Жасанды интеллектті тек үйреніп қана қоймай, оны өз бетінше әзірлеу. Колледжде осы бағытқа басымдық беріліп отыр. Павлодар облысы әкімдігінің қолдауымен оқу орнына заманауи NVIDIA DGX Spark жүйесі сатып алынды. Бұл құрылғы студенттерге жасанды интеллект модельдерін әзірлеуге, интеллектуалды сервистер құруға және нақты жобаларға арналған цифрлық шешімдер жасауға мүмкіндік береді.
Гүлайым Қималиден, ақпараттық қауіпсіздік жүйелері бөлімінің меңгерушісі
Бұл колледжіміз үшін үлкен өзгеріс. Біз NVIDIA DGX Spark жүйесін сатып алдық. Көпшілік оны компьютер деп ойлауы мүмкін. Алайда бұл колледждегі компьютерлермен бірге жұмыс істейтін арнайы есептеу жүйесі. Ол жасанды интеллект бағытында жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Енді студенттер теориямен шектелмей, тәжірибе жүзінде өздерінің жасанды интеллект жобаларын әзірлей алады. Сонымен қатар машиналық көру, үлкен көлемдегі деректерді талдау және бұған дейін қолжетімді болмаған басқа да технологияларды қолдануға мүмкіндік бар. Мысалы, бүгінде көпшілік пайдаланып жүрген ChatGPT белгілі бір тапсырмаларды орындауға көмектеседі: сұрақтарға жауап береді, сурет жасайды, жоспар құруға жәрдемдеседі. Ал жаңа жүйе студенттерге жасанды интеллект технологияларын тереңірек меңгеріп, оларды өз жобаларына енгізуге жол ашады.
Алдымен жаңа технологияны колледж оқытушылары меңгереді. Кейін оны студенттер де оқу және жобалық жұмыстарында пайдалана бастайды. Бұл әсіресе цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектке басымдық берілген кезеңде маңызды. Оқу орны болашақ мамандарды тәжірибелік тұрғыда даярлауға ерекше мән беріп отыр. Жаңа технология студенттердің де қызығушылығын арттырған. Көпшілігі NVIDIA DGX Spark мүмкіндіктерін өз жобаларында пайдалануды жоспарлап отыр. Енді олар дайын жасанды интеллект құралдарын қолданып қана қоймай, өз модельдерін оқытып, алгоритмдерді сынақтан өткізіп, нақты міндеттерге арналған AI-шешімдер әзірлей алады.
Арғын Иманғұлов, студент
Бізге NVIDIA DGX Spark атты жаңа құрылғы келді. Ол жасанды интеллект арқылы жобаларымызды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Енді сыртқы бұлттық сервистерге тәуелді болмай, өзіміздің AI-агенттерімізді, машиналық көру жүйелерін және басқа да технологияларды қолдана аламыз. Біздің команда ұлттық мұра нысандарының тізімін жасайтын платформа әзірледі. Онда кесенелер мен басқа да тарихи нысандар туралы ақпарат жинақталған. Енді DGX Spark көмегімен пайдаланушы қажетті ақпаратты сұраныс арқылы оңай таба алады. Мысалы, белгілі бір ғасырларға жататын кесенелерді немесе Қазақстанның оңтүстігіндегі ЮНЕСКО нысандарын іздеуге болады. Жасанды интеллект ақпаратты өзі талдап, сипаттамалар мен суреттерді қарап, пайдаланушыға қажетті мәліметті ұсынады.
Жаңа технологияның мүмкіндіктерін пайдаланатын жобалардың бірі – «Шаңырақ» платформасы. Бүгінде онда Қазақстанның мәдени мұрасына қатысты әдістемелік материалдар жинақталған. Платформа педагогтерге сабаққа қажетті материалдарды әзірлеуге көмектеседі. Ендігі кезеңде жүйеге жасанды интеллект енгізу жоспарланып отыр. Бұл мұғалімдердің күнделікті жұмысын жеңілдетіп, оқу материалдарын жылдам дайындауға мүмкіндік береді.
Елдос Нүктенов, студент
Бұл технология бізге алдағы уақытта үлкен көмек береді деп ойлаймын. NVIDIA DGX Spark жүйесінде көптеген танымал жасанды интеллект сервистері мен модельдері жинақталған. Сонымен қатар ол жергілікті деңгейде жұмыс істейді. Сондықтан колледж үшін бұл құрылғыны тиімді пайдаланып, жаңа мүмкіндіктерді игеруге жақсы жағдай жасалды деп есептеймін.
Жоғары ақпараттық технологиялар колледжі Павлодар облысында осындай жасанды интеллект жүйесі енгізілген алғашқы оқу орны. Колледж басшылығының айтуынша, бұл – ауқымды жұмыстың алғашқы қадамы. Алдағы уақытта мұнда өздерінің интеллектуалды шешімдерін әзірлеп, цифрлық технологияларды дамытуға үлес қосатын білікті мамандар даярлау көзделіп отыр.
Сабина Жолдаспаева