Павлодар қаласында «Мелек» қорының ұйымдастыруымен онкологиялық ауруларға шалдыққан адамдарды қолдау мақсатында фотокөрме өтті. Онда 20 портрет ұсынылған.


Бұл фотосуреттерде химиотерапия алып, қазір өмір үшін күресіп жатқан онкологиялық науқастар. Экспозицияның мәні - ауыр дерт пен қиын арпалысқа қарамастан, әйел адамның көрікті болып қала беретінін көрсету. Мақсат - тағдырдың қиын сынақтарынан өтіп жатқан жандардың жүрегіне үміт пен сенімділік ұялату.

Сәуле Исағұлова, «Мелек» қоғамдық қорының негізін қалаушы:

Бүгінгі фотокөрме бул жай ғана фотокөрме емес. Бұл әйел сұлулығын көрсету үшін, жай әйел емес, бүгінгі таңда сәулелендіру емдеу шараларын алып жатқан әйелдердің сұлулығын көрсету үшін. Бұл өмір үшін күрес.

«Мелек» қоры 2 жыл бойы науқастар мен олардың жақындарына психологиялық қолдау береді. Қазіргі таңда қордағы адамдар достасып үлгерген. Айтуларынша, осындай қор еліміздің барлық аймағында болуы тиіс.

Саягүл Радикова, қатысушы:

Мен 10 ай көлемінде ем алып жатырмын, әлі де емделіп жүрмін. Бүгінгі осындай ауқымды шара өтіп жатыр. Осы шараны ұйымдастырған барша біздің қыздарымыз. Осындай сынаққа қарамастан, барлығымыз бақытты өмір сүруді үйреніп жатырмыз. Осындай шараның, фондтың барына өте қуаныштымын. Бізге көп көмек береді осынын барлығы. Осындай сынаққа күресуге мүмкіндік береді. Жалпы, өмір керемет!

Шара аясында қайсарлығы мен жігерлігі үшін қатысушылар марапатталып, түрлі сыйлықтар иеленді.


Ақмаржан Қалымбек