Бейсен Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде еріктілер жасағы белсенді жұмыс істейді. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекше міндеттері мен қызмет бағыттары бар. Көмекке зәру жандарға көмектесіп, қоғамның дамуына үлес қосуды мақсат тұтады.

Педагогикалық колледждің волонтерлік қызметінің алатын орны ерекше. Мұның арқасында студенттер адамдарға көмектесіп қана қоймай, кәсіби дағдыларын дамыта алады.

Оқытушылардың жетекшілігімен "Тілдесеміз" жасағының еріктілері "Жас ұрпақ" жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілеріне қазақ тілін оқыту бойынша сабақтар ұйымдастырады. 2022 жылдан бастап Новосібір облысы Қарасуық педагогикалық колледжінің студенттері мен оқытушылары үшін тіл үйрену онлайн-сабақтары өткізілуде. Ал былтырдан бастап Бурят және Томск педагогикалық колледждері бұл әдіске қазақ тіліне қызығушылық танытып, қазақ тілін үйрететін онлайн-сабаққа қатысуда.

Сондай-ақ, «Goodwill» жасағының еріктілері "Самал" оңалту орталығының тәрбиеленушілері мен Павлодар қаласының №7 мектеп-интернатының оқушыларына ағылшын тілін оқытады. Олар сабақты түрлі ойындар, интерактивті тапсырмалар және шығармашылық жобалар арқылы қызықты өткізеді.

ДИАНА ЗЕКЕНОВА, Б.АХМЕТОВ АТЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ 4-КУРС СТУДЕНТІ

Біз ұстанатын басты ұстаным – еріктілік ол ұстаздықтың жарқын бастауы. Біз колледж студенттері оқу орынымызда тек ғана теориялық білім алып қоймай, оны практикалық түрінде жүзеге асырып, қоғамға пайдалы және қоғамға пайдасы тиетін жұмыстармен айналысуға дағдыланып келеміз

Ал "Самал" оңалту орталығында "Мейірімділік шеберханасы" жасағының еріктілері қолөнер бағытындағы шығармашылық шеберлік сабақтарын ұйымдастырып отыр. Студенттер мейірімділік атмосферасын таныта отырып, орталықтағы әр баланың қоғамға бейімделуіне алуына ат салысады.

ЗИНАИДА БАГНЕНКО, «САМАЛ» ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ МҮГЕДЕКТЕР ҚБ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ

Бейсен Ахметов атындағы педагогикалық колледжіне өте ризамыз. Жылдар бойы бізбен бірге жұмыс істеп келеді. Олардың студенттері балалардың сабағымен айналысады, оқытады. "Самал" оңалту орталығынан үлкен тәжірибе ала алады. Бұл тәжірибені басқалармен салыстыруға келмейді. Сондықтан менің ойымша мұның бәрі өзара деп пайдалы жұмыс деп түсінемін

2011 жылдан бастап «Студент және Мен – нағыз достар» еріктілер жасағы белсенді еңбек етеді. Студенттер ақыл-ойы бұзылған балаларға арналған №4 арнайы мектеп-интернатының оқушыларымен айналысады. Олардың арқасында шәкірттер қойылым, мерекелер, спорттық ойындар мен мастер-кластарға қатыса алады.

Сондай-ақ, оқу орнының еріктілері «Қызыл Жарты Ай» ұйымымен ынтымақтастықты арттырып отыр. Олар гуманитарлық акцияларға қатысып, төтенше жағдайларда көмек көрсетеді. Қиын өмірлік жағдайларға тап болғандарды қолдайды.

Бұл бағыттағы колледждің мақтанышы - ерікті Даяна Фарафонова. Ол белсенді және жемісті қайырымдылық қызметі үшін "Шапағат" медалімен марапатталған.

ДАЯНА ФАРАФОНОВА, «ӘЛЕУМЕТТІК-ЕРІКТІЛЕР ОРТАЛЫҒЫ» ЖҚБ БАСШЫСЫ

Мен волонтерлік қызмет барысында мен театр үйірмесін ұйымдастырған отбасылық үлгідегі балалар ауылында болдым. Орталықтарына барып түрлі мерекелер ұйымдастырып, би үйірмесін өткіздім. Сондай-ақ, қарттар үйінде концерт бердік. Қаламызда өткен үлкен іс-шараларға атсалыстым, соның бірі танымал әнші Джонидің концерті болған еді

Бейсен Ахметов атындағы педагогикалық жоғары колледжі еріктілерінің бұл қызметі - кәсіптік даярлық пен қоғамдық жұмысты қалай қатар жүргізіп, біріктіруге болатынының жарқын көрінісі. Студенттер мен оқытушылар өз білімдерімен бөлісіп қана қоймай, жанашырлық танытып, қамқор болуға, көмек қолын созуға әрдайым дайын.

Қымбат Садық