Павлодарлық оқушылар үшін жаңа жыл мерекелер кең көлемде өтіп келеді. Бүгін өңірдің озат оқушылары, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары үшін облыс әкімінің шыршасы ұйымдастырылды. Аталған шараға тілшіміз де қатысып қайтты.
Өңірдің әр аудан-қаласында білім мен шығармашылықта, спортта жетістікке жетіп жүрген өрендер мен мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан 100 оқушы мерекелік шараға жиналды. Өңір басшысы Асайын Байханов балаларға жаңа жылда жетістіктерінің еселене түсуін тіледі.
Жаңажылдың басты кейіпкерлері аяз ата мен ақшақар балаларды тамаша көңіл күйге бөледі Облыс әкімі, оқушылар мен жаңа жылдық ертегілердің кейіпкерлері бірлесіп, шыршаның шамдарын жақты.
Мерекелік шара театрландырылған көрініс форматында ерекше ұйымдастырылды.Өз кезегінде балалар да ән айтып, би билеп, бар талантын ортаға салды.
Балалар үшін жаңа жылдық тосын сый көп болды. Олар Ғалым бот, Ертіс, Баян, Айдаһар, Жылан, Жезтырнақ сияқты кейіпкерлермен қызықты сәттерді өткізді.
Осылайша, Аяз ата, ақшақар мен ертегі кейіпкерлері балаларды шаттыққа бөледі. Мерекелік шараға қатысқан балғындар көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
Қымбат Садық