Негізгі Жаңалықтар Даңқ обелискісінің жанындағы әскери ант

Даңқ обелискісінің жанындағы әскери ант

Өмірде бір-ақ рет айтылатын сөздер болады. Дәл сол сөздер үлкен жолдың бастауына айналады. Жеңіс саябағындағы Даңқ обелискі алдында 6679 әскери бөлімінің 154 жас сарбазы Әскери ант қабылдады. Бірі үшін бұл күн – әскери қызметтің алғашқы қадамы болса, енді бірі үшін – мақтаныш, ал ата-аналары үшін мәңгі есте қалатын ерекше сәт болды.



Салтанатты рәсім өткен ұрпақтың ерлігіне тағзым етілетін қасиетті орында өтті. Бір ай бойы қарқынды даярлықтан өткен жас сарбаздарды енді нағыз әскери қызмет, жауапкершілік және Отан алдындағы борышын өтеу міндетікүтіп тұр.

Әскери антты Қазақстанның жеті өңірінен – Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарынан және Астана қаласынан шақырылған 154 әскери қызметші қабылдады. Жас сарбаздардың өміріндегі бұл маңызды күнге ортақтасу үшін олардың ата-аналары да арнайы келді.

Алайда салтанатты шараның ең әсерлі сәті ресми бөлім аяқталғаннан кейін болды. Үш әскери қызметші бірден сүйіктілеріне үйленуге ұсыныс жасап, қолын сұрады. Осылайша бұл күн олар үшін тек әскери өмірдің ғана емес, отбасылық өмірдің де бастауына айналды.

Әскери ант, ата-аналардың көз толқынысы, махаббат сөздері қалыңдықтың иә деген жауабы. Бір күннің ішінде өмір бойы ұмытылмайтын бірнеше маңызды оқиға тоғысты. 


Бөлісу