Ортақ дәліз – қойма емес
Көпқабатты тұрғынүйде қажетті заттарды ұстаудың өз ережесі бар. Жеке эәне ортақ аумақтағы қалыптасқан тәртіпті сақтау аса маңызды. Мәселен, көпшілікке ортақ дәлізінде тұрған бір велосипедтің өзі өрт кезінде адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Ал тұрғындар күнделікті қолданып жүрген арба, ескі жиһаз бен тұрмыстық заттар эвакуациялық жолды жауып, құтқарушылардың жұмысына кедергі келтіреді. Осындай қауіптің алдын алу үшін Павлодар қаласының төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері көпқабатты тұрғын үйлерде кезекті профилактикалық рейд өткізді.
Мамандар тұрғын үйлердің кіреберістері мен жертөлелерін аралап, ортақ пайдаланылатын орындардың жағдайын тексерді. Әр тұрғынға өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндіріліп, баспалдақ алаңдары мен дәліздерді жеке заттарды сақтайтын орынға айналдырмау керектігі ескертілді. Себебі өрт кезінде санаулы секундтың өзі адам өмірін сақтап қалуы мүмкін.
Арман Арын, Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы, азаматтық қорғау капитаны
Бүгін Павлодар қаласының төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері рейд жүргізуде. Көп қабатты тұрғын үйлердің түрғындары жер төлелерде түрмыстық заттарын қоймауға шақырылды. Себебі өрт шығу кезінде олар сыртқа шығуға кедергі жасайды. Бұл өрт сөндірушілердің жұмысын қиындатады.
Жыл басынан бері эвакуациялық жолдарды бөгде заттармен жауып қойған 10 дерек тіркелген. Оның ішінде тұрғындардың баспалдақ алаңдарына велосипедтер мен балалар арбаларын қалдыру фактілері анықталған. Осындай заңбұзушылықтардың бірі жуырда Марғұлан көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйде тіркеліп, құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары мұндай профилактикалық рейдтер алдағы уақытта да жалғасатынын айтады. Негізгі мақсат – тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, өрттің алдын алу. Заң талаптарын орындау әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі екенін мамандар тағы бір мәрте еске салды.
Дильназ Қуанышбекқызы