Вакцина – қызылшаға қарсы ең тиімді қорғаныс
Жаз мезгілінде Павлодарда қызылша жұқтырғандар саны азайды. Алайда санитариялық дәрігерлер күз бен қыс айларында инфекцияның қайта өршу қаупі жоғары екенін ескертеді. Бұған не себеп? Одан қалай қорғануға болады? Тілшіміз тарқатады.
Қызылша – ең жұқпалы вирустық аурулардың бірі. Ол ауа арқылы тез таралады. Аурудың қауіптілігі – асқынуында. Қызылша салдарынан өкпе қабынып, есту мен көру қабілеті нашарлауы мүмкін. Сондай-ақ миға зақым келтіріп, сал ауруына немесе комаға дейін жеткізу қаупі бар.
Александр Сафяников, Павлодар қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы
Қызылша жұқпалылығы өте жоғары ауру. Барлық жұқпалы дерттердің ішінде ең тез таралатындарының бірі. Оның басты қаупі – ауыр асқынуларында. Әсіресе екпе алмаған балалар арасында өте жылдам таралады.
Көктемде Павлодарда күніне 35-ке дейін қызылша дерегі тіркелген болатын. Жазда сырқаттану көрсеткіші төмендеп, шілде айында небәрі төрт жағдай ғана анықталды. Дегенмен дәрігерлер күз бен қыста ауру қайта өршуі мүмкін екенін айтады. Бұған вакцинадан бас тарту себеп.
Александр Сафяников, Павлодар қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы
Вакцинациямен қамту деңгейі кемінде 95 пайыз болуы тиіс. Біз осы көрсеткішке ұмтылуымыз қажет. Биыл қалада қызылшаның 254 жағдайы тіркелді. Оның 209-ы немесе 82 пайызы – балалар. Ең осал топ – бір жастан төрт жасқа дейінгі балалар. Жалпы науқастардың 84 пайызы қызылшаға қарсы екпе алмаған. Бұл вакцинация деңгейі төмендеген сайын инфекцияның таралу қаупі артатынын анық көрсетеді.
Қазір өңірде ерте жастағы балаларды қосымша иммундау және уақытында екпе алмағандарды қамтитын толықтыру вакцинациясы жүргізіліп жатыр. Дегенмен дәрігерлер вакцинациямен қамтудың төмен болуына ата-аналардың екпеден бас тартуы әлі де әсер етіп отырғанын айтады.
Айнагүл Алтаева, №3 Павлодар қалалық емханасының жалпы тәжірибе дәрігері, иммунопрофилактика үйлестірушісі
2026 жылдың алғашқы жеті айының қорытындысы бойынша балаларды жоспарлы профилактикалық егумен қамту деңгейі барлық мақсатты топтар бойынша 43,2 пайызды құрады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған көрсеткіш – 55,4 пайыз. Қажетті деңгейге жете алмаудың басты себептерінің бірі – вакцинадан бас тарту. Биыл шамамен 2700 бас тарту жағдайы тіркелді. Оның 59,3 пайызы – жеке көзқарасына байланысты, 29,4 пайызы – вакциналарға сенімсіздік, 8,7 пайызы – бұқаралық ақпарат құралдарындағы жағымсыз ақпараттың әсері, ал 2,6 пайызы – діни себептер. Өткен жылы түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде екпеден бас тартқан отбасылардағы 639 бала вакцина алды. Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында мұндай 244 балаға екпе салынды.
Дәрігерлердің айтуынша, вакцина алған адам да қызылшаны жұқтыруы мүмкін. Алайда мұндай жағдай өте сирек кездеседі. Ең бастысы, екпе алған адамның ауруы жеңіл өтеді және ауыр асқынулардың алдын алады.
Сабина Жолдаспаева