Sailau ai жасанды интеллект ассистенті іске қосылды
Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтында пайдаланушыларға сайлауды ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша ақпарат алуға көмектесетін Sailau AI жасанды интеллект ассистенті іске қосылды. Онда сервис арқылы үйде дауыс беру тәртібі, дауыс беру құқығын растайтын есептен шығару куәлігін алу жолдары, сайлаушылар тізімінде аты-жөні болмаған жағдайда не істеу керектігі, сондай-ақ сайлау процесіне қатысты басқа да сұрақтарға жауап алуға болады.
Жасанды интеллект ассистенті тәулік бойы жұмыс істейді және ақпаратты қазақ және орыс тілдерінде ұсынады. Сервис AlemLLM тілдік моделі негізінде әзірленген. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Sailau AI өз жауаптарын Қазақстан Республикасының Конституциясы, конституциялық заңдар және сайлауды ұйымдастыру мен өткізу мәселелерін реттейтін өзге де нормативтік-құқықтық актілер негізінде ұсынады. Жасанды интеллект ассистентін Telegram мессенджері арқылы да пайдалануға болады.
Қазіргі уақытта ұсынылатын жауаптардың сапасы мен дәлдігін арттыру мақсатында жүйеге қосымша оқыту жүргізіліп жатыр.