Павлодар облысында мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыруға бағытталған жаңа жоба – ваучерлік қаржыландыру жүйесі пилоттық режимде іске қосылды. Енді ата-аналар балабақшаны өздері таңдап, мемлекеттік тапсырыс сол таңдалған ұйымға бағытталады.

Өңірімізде қазіргі таңда 38 мыңнан аса баланы қамтитын 387 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 160-ы балабақша болса, 227-сі – шағын орталықтар. Бұдан бөлек, 18 жеке меншік балабақша мен орталықтарда 1480 бала тәрбиеленуде. Осы мекемелерге биылдан бастап ваучерлік жоба енгізіуде.

Қазір 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар балабақшамен толық қамтылған. 2 жастан бастап қамту көрсеткіші 93 пайыздан асады. Ал 1 жастан 6 жасқа дейінгі жалпы қамту – шамамен 85%. Дегенмен, әсіресе 1 мен 3 жас аралығындағы балаларға орын жетіспейді. Қазір осы жас санатында 6700-ден астам бала кезекте тұр. Олардың көбі – бір және екі жастағы сәбилер.

Жаңа жүйе балабақшадағы орынға кезекке тұруды жеңілдетіп, бұрынғыдай орын іздеу мәселесін жояды. Ата-аналар электронды өтінім арқылы ваучер алып, өз таңдауы бойынша балабақшаға жолдай алады. Бұл – әділеттілік пен ашықтықты қамтамасыз етеді.

Бұл бастама елімізде алғаш 2024 жылы бірнеше қалада пилот ретінде енгізілсе, биылғы жылы Астана, Қарағанды, Қостанай, Семей секілді қалаларда кеңінен жалғасын тауып отыр. Жүйе жеке балабақшаларға да қолайлы жағдай жасап, нарықта сапалы бәсекелестік орнатуға ықпал етуде.

Дильназ Куанышбекқызы